Кеңес Дүйсекеев 75 жаста: Әйгілі композитор өнердегі әріптестері мен шәкірттері еске алды

astana-akshamy.kz
astana-akshamy.kz
Музыкант эстрада әндері мен симфониялық оркестрлердің дамуына көп үлес қосты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Әйгілі композитор, Қазақстанның Еңбек сіңірген өнер қайраткері Кеңес Дүйсекеев тірі болғанда биыл 75-ке толар еді. Сазгердің өнердегі әріптестері мен шәкірттері талант иесін еске алды. Музыкант эстрада әндері мен симфониялық оркестрлердің дамуына көп үлес қосты. Оның жетекшілігімен түрлі теледидарлық бағдарламалар шығарылды. Толығырақ Almaty.tv тілшісі бейнематериалында.

Әуенді шығарып қана қоймай, оның мағынасына терең мән беретін белгілі композитор Кеңес Дүйсекеев арамызда жоқ. 10 ақпанда ол 75-ке толар еді. Әйтсе де соңында өшпес із, мол музыкалық мұра қалды. Сыр елінің тумасы Алматыдағы консерваторияда білім алып, «Гүлдер» ансамблінің бас дирижері, «Қазақконцерт» бірлестігінің музыка жетекшісі, Қазақ теледидарының музыка редакциясында бас редактор қызметтерін атқарды. Ол әйгілі Евгений Брусиловскийдің шәкірті Анатолий Бычковтан сабақ алып, түрлі музыкалық бағдарламаларға жетекшілік етті.

«Қатал болса да адал болатын. Өзге пиғыл, қулықтары болмайтын. Айтса бетке айтатын. Мынау қазақтың термесі мен қазіргі заманауи музыка бар ғой, ең бірінші джаз, рок соларды қосып жаңа бір деңгейге көтерген Кеңес Дүйсекеев», – деді Қазақстан Композиторлар қауымдастығының төрағасы Артық Тоқсанбаев.

Композитор «Толғау», «Жалаңтөс батыр» сияқты симфониялардың, түрлі аспаптарға, камералық оркестрге арналған шығармалар мен 200-ден астам әндердің авторы. Сазгердің «Қарағым-ай», «Сәлем саған, Туған ел», «Өкінбе сен», «Ғашықтар жыры», «Домбыра туралы баллада» сияқты әндері әлі күнге елдің аузында.

Ал музыканттың шәкірттері ол әркез жаңашылдыққа ұмтылып, музыкаға жаңа леп әкелуге тырысатын дейді.

«Әр уақытта ақылын айтып, дұрыс емес жерлерімізді байқап жатса, соған бір сын айтқан кезде сипап арқаңнан қағып тұрып сын айтатын. Әрі қарай дамуыңа демеп жіберетін бір жақсы сөзімен, ақылды әңгімелерімен сондай рухани бізге сабақ беретін», – деді Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, эстрада әншісі Жеңіс Ысқақова.

Кеңес Дүйсекеевке 1994 жылы Қазақстанның Еңбек сіңірген өнер қайраткері атағы беріледі. Кейіннен «Құрмет», «Парасат» орденімен марапатталады. Халық ықыласына бөленген композитор былтыр әлемді жайлаған коронавирус індетінің кесірінен 74 жасында өмірден озған еді. Оның өнегелі ғұмыры мен теңдессіз туындылары ел жадында.

Назкен Еркін, Ескендір Тоғыспаев, «Алматы» арнасы

Новости партнеров