Тіл қорғаны: Алматыдағы сауда орталықтарында мемлекеттік тілге қатысты Заң орындала бастады

Тіл қорғаны: Алматыдағы сауда орталықтарында мемлекеттік тілге қатысты Заң орындала бастады
Қазір сауда орталығының иелері жалға алушылардан «Тіл туралы» заңды өз дәрежесінде орындауын талап етуде
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы сауда орталықтарында мемлекеттік тілге қатысты Заң орындала бастады. «Алматы» арнасының «Тіл қорғаны» бағдарламасы тіл мамандарымен бірлесе отырып, мониторингтік жұмыс жүргізу нәтижесінде, кәсіпкерлер - қазақ тілінде қызмет көрсетіп, көрнекі ақпараттарды мемлекеттік тілде жаза бастады. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт тарқатады.

«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте». Бұл  - шаһардағы кәсіпкерлердің қазіргі ұраны. Ата заңдағы 21-бапта көрсетілгендей, барлық ақпарат бірінші мемлекеттік тілде, кейін қажет болған жағдайда өзге тілдерде берілуі қажет. Аталған талапты мегаполистегі саудагерлер уақыт өте келе қалыпты құбылыс ретінде қабылдап, қызметті қазақ тілінде ұсына бастаған.

Қазір сауда орталығының иелері жалға алушылардан «Тіл туралы» заңды өз дәрежесінде орындауын талап етуде. Бұл көрнекі ақпарларын өзге тілде іліп қойған кәсіпкерлердің мәтінін қазақшалауына түрткі болған. Ал, саудагерлердің айтуынша, жарнамалар мен хабарландырулардың мемлекеттік тілде беріле бастауына -  тұтынушылар тарапынан қазақ тіліне сұраныстың артуы себеп болыпты.

БЛИЦ:

1. Бәрі қазақ тілінде болғаны дұрыс шығар Қазақстанда тұрған соң. Ол - біздің  мемлекет тіл. Ал, басқа ұлттар құрметтеуі керек.

2. Біз өз елімізді көркейту үшін де, қазақты таныту үшін де қазақ тілінде сөйлеу, қазақ тіліндегі әр затты қолдану - өте маңызды.

3.Қазақ тілі - мемлекеттік тіл болғаны үшін құрметтеу керек, әрине. Өзім де  қазақша сөйлеуге тырысамын.

Жалпы шаһарда 2020 жылы тілдің ахуалын зерделеу барысында 40-тан аса ірі кәсіп иелеріне олқылықтарды түзеуге ұсыным хат берілген болатын. Соның ішінде заңды бұзған шағын және орта бизнес өкілдерінің саны 2 мыңнан асқан еді. Мониторингілеу жұмысының нәтижесінде кәсіпкерлер ескертулерді елеп, қателіктерін түзей бастаған.  

«Бұл жердегі қазақ тілінің қолданылуы ақпараттардың барлығы «Тіл туралы» заңға және тұтынушылар құқығын қорғау туралы заңға сәйкес жасалғанын көрдік. Мұның өзі, біріншіден, осы сауда орталығының басшылығының бұл мәселеге деген дұрыс көзқарасын білдіріп отыр. Апта сайын «Алматы» телеарнасы арқылы бұл көрсетіліп отырды. Осы жұмыстың да нәтижесін бүгін біз көргендей болдық», – деді қалалық Тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығының бас инспекторы Бақыт Қалымбет.

Алдағы уақытта мемлекеттік мекемелер мен кәсіптік нысандарда қазақ тілінің ахуалын мониторингілеу жұмыстары қарқынды жүргізілмек. Ал, тілдік құндылықтың түйткілді мәселелерін қозғаған «Тіл қорғаны» хабарын көрермендер «Алматы» арнасында әр жұма сайын сағат 18:30-да тамашалай алады.

Аяулым Көлжігіт, Мейрам Исабеков, Мұрат Тайжанов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров