|
07.02.2020 | 22:35
5552

Алматыда Елорда күніне орай мерекелік шаралар онлайн өтеді

Алматы мұражайындағы «Елбасы және Алматы» залында Астана күніне арналған көрме ұйымдастырылуда

Алматыда Елорда күніне орай мерекелік шаралар онлайн өтеді ашық дереккөз

Елорда күніне байланысты өтетін мерекелік шараларды онлайн түрде тамашалауға болады. 6 шілде күні Алматы қаласының мәдениет басқармасы мұражайларда көрмелер мен концерттік бағдарламаларды әлеуметтік желілерден көрсетсе, білім басқармасы балалар арасында түрлі байқаулар, қайырымдылық шаралар өткізеді. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіттің бейнематериалында.

Бүгінгі күн – ертеңгі тарих. 6 шілде Елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласының төл мерекесін Алматылық тұрғындар да атап өтеді. Десе де елімізде қауіпті індеттің өршуі себебінен астана күніне арналған мерекелік іс-шараларды онлайн форматта өткізу жоспарланған. Осы орайда Алматы қаласы мәдениет басқармасының мегаполистегі барлық мұражайлар мен өнер ошақтарында ұйымдастырған түрлі көрмелері тікелей эфирде көрерменге жол тартпақ.

Алматы мұражайындағы  «Елбасы және Алматы» залында Астана күніне арналған көрме ұйымдастырылуда. Бірақ қалада карантин болуына байланысты елінің тарихын сүйетін қалың көрермен 6 шілде күні сағат 11:00-де музейдің әлеуметтік парақшасынан көрмені онлайн түрде тамашалай алады. Мұнда елбасының өмірбаяны туралы толық ақпарат пен   Қазақстанның астанасының атауы бірнеше рет ауысқаны жайлы мағлұмат беріліп, Нұрсұлтан қаласының көркем жерлері бейнеленген суреттер мен Нұрсұлтан Әбішқлы Назарбаевтың жазған кітаптары көрсетілетін болады.

«Алдымызда келе жатқан Астана күніне орай біздер «Елбасы еңселеткен Елорда» деген бірегей фотосуреттер, еш жерде жоқ, көп кездеспейтін суреттердің көрмесін ұйымдастырып жатырмыз. Сонымен бірге, біздер ұлттық домбыра күніне іс-шаралар циклын әзірледік. Бұл жерде Алматы музейі көрме ұйымдастырса, Ықылас Дүкенұлы атындағы ұлттық аспаптар музейі домбыра жасаудан шеберлік сағатын және сол музейде сақталған ерекше домбыралардың тарихы туралы онлайн көрме ұйымдастырды», – деді «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» ҚМКК директорының орынбасары Қайрат Тарбаев.

Сондай-ақ, қалалық білім басқармасы да мереке қарсаңында мектеп оқушылары арасында онлайн байқаулар өткізуде. Қатысушылар 26 маусымда басталған сайыс талабы бойынша Елордада түскен фотосуреттерінің бірін әлеуметтік желіге «Мен Нұрсұлтан қаласын сүйемін» деген жазумен салуы қажет. Сондай-ақ, 6 шілде күні туған мектеп жасындағы балалардың да еңбектері қабылданады. Бұл шараның бәрі оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға арналады. Қазірдің өзінде 30 мыңнан астам қатысушы өтінім беріпті. Астанаға махаббатын жеткізе білген жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталмақ.

«Осындай оқшаулау кезеңінде балалармен тікелей жұмыс істей алмаймыз. Десе де осы онлай форматта және қашықтан екі бағытта екі түрлі іс-шараны ұйымдастырамыз деп жоспарлап отырмыз. Астананың көрікті, біз біле бермейтін жерлері көп екен. Соның бәрін көрсетіп жатыр балалар. Ол деген, шынымен де, Елордамызға деген керемет сүйіспеншілігі деп ойлаймын», – деді қалалық білім басқармасының бөлім басшысы Нұргүл Тау.

Сондай-ақ, мереке қарасыңда қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы да «Балалар – біздің болашағымыз» атты қайырымдылық шарасын ұйымдастырып, жетімдер үйінің бүлдіршіндеріне сыйлықтар таратуда. Дегенмен карантинге байланысты іс-шара қашықтан жүзеге асуда. Қайырымдылық жасауға ниет білдіруші жекеменшік ұйым тек бүгін 30 мыңнан аса баланы керек-жарақпен қамтамасыз етті.

«Өте қуаныштымыз. Жеке адамдар, өте көп кәсіпкерлер көмек көрсетіп жатыр. Соның ішінде «Экочистка товар» компаниясы «Жанұя» жетімдер үйіндегі балаларға үлкен қуаныш алып бара жатырмыз. Мынадай ойыншықтар және де осы мәселе бойынша қашықтан ұйымдастырылған. Жалпы жыл басынан 61 мыңнан астам адамға, көпбалалы отбасыларға және жағдайы төмен отбасыларға басқарма өте үлкен қайырымдылық іс-шаралар өткізуде», – деді қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының бөлім қызметкері Гүлнәр Қайырова.

Осылай шаһар бойынша Елорда күніне орай онлайн түрде ұйымдастырылып жатқан мерекелік шараларға Алматы қаласының әкімдігі мұрындық болып отыр. Алдағы уақытта қала көшелері әрленіп, онлайн форматта концерттік бағдарламалар ұйымдастырылатын болады.

Аяулым Көлжігіт, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир