«Алматы» телеарнасында жаңа жоба. Алғаш рет эфирге шыққалы отырған телевизиялық «Almaty Bala Fest» жобасы талабы таудай таланттардың жолын ашуға мүмкіндік бермек, деп хабарлайды Almaty.tv.
Байқауға іріктеу онлайн жүргізілген. Бір ай ішінде 600-ге жуық өтінім келіп түскен. Оның ішінде талантты деген 140 бала іріктеліп, байқауға қатысып жатыр. Кіл мықтының таңдауынан сүрінбей өту оңай болған жоқ дейді ұйымдастырушылар. Байқау тамыз айына дейін жалғасады. 4 пен 14 жас аралығындағы өрендердің өнерін шыңдауға Алматы қаласы әкімдігі ұйытқы болып отыр.
«Бұл Алматыда не жоқ дейсіз. Бәрі де бар ғой. Бұл жерде алғашқы цирк те бар, алғашқы театрлар мен кинотеатрлардың барлығы осында басталған. Алматы мәдениет ошақтарының ордасы болғаннан кейін осы жобада біз барлығын қамтуға тырыстық», – деді жоба продюсері Айгүл Ақсамбиева.
«Almaty Bala Fest» фестиваліне қатысушылардың өнерін қазақ сахнасында жүрген аға-әпкелері бағалап, кеңестерін айтады. Байқау ерекшелігі сол – фестивальге қатысушылар арасында ешкім жеңілмейді. Барлығы байқау дипломанты атанады. Өнерлі әрі озық балалардың басын қосқан бірегей жоба әр сенбі сайын эфирге шығады. Бағдарламаның алғашқы саны ертең сағат 19:00-де Алматы арнасынан көрсетіледі.
Блиц:
- Болашақта мен Димаш Құдайберген ағам сияқты әлемдік сахнада танымал болғым келеді.
- Бұл байқауға бүгін анаммен, апайлармызбен, достарымызбен келдік.
- Алматы Bala Fest!