«Қызыл алма» телехикаясы «Алматы» телеарнасынан көрерменге жол тартты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазақ халқының байырғы ата салты әмеңгерлік жайында баяндалатын көркем фильм 20 бөлімнен тұрады. Фильм қазіргі қоғамда кездесетін қайшылықтар, адамдардың бір-біріне деген сезімдерінің, сенімдерінің жоғалуы, сатқындық, ата-анаға деген құрметтің өз дәрежесінде көрсетілмеуі сияқты түрлі тақырыптарды қозғайды. Бұл телехикаядағы кейіпкерлердің жан күйзелісі, өмір өткелдерінің сан қилы сынақтары көрерменді бейжай қалдырмайтыны анық.
Телехикая желісі бойынша, туған ағасы Біржаннан қапыда айырылып қалған Рүстем бұрынғы қазақтың салты бойынша әмеңгерлікті қолға алып, жеңгесіне үйленеді. Рүстемге дүниеден ерте өткен әкесінің шеберлік өнері дарыған екен. Осы кәсібі арқылы нанын тауып, күнін көріп жүрген азамат. Оның қолынан шыққан сандықтары қолөнер туындысындай көркем болғанымен, жанұясының ауқатты өмір сүруіне жете бермейді. Жастар театрының актрисасы Махаббат Мадғұлова кинода Жанттың рөлін сомайды. Ол түсірілім барысында қиын сәттер болғанын жасырмады.
«Қиындық болды, өйткені менің ойым орысшалау. Бірақ, әрине, мен оны толық алып шығуға тырыстым. Ол өмірде шындықты жақсы көреді. Мінезі тік. Сол жағынан ұқсастық бар», – деді актриса Махаббат МАДҒҰЛОВА
Көркем фильмнің негізгі тақырыбы – қандай да бір қиыншылыққа қарамастан, отбасын сақтап қалу. Бұл қазіргі таңда өзекті тақырыптың бірі екені сөзсіз. Телехикаяның эфирге шыққанына көп болмаса да көрерменнің көңілінен шығып үлгерді.
«Отандық киноның барлығы осы жастарға үлгі болатындай жасы кинолар түсіріп жатыр. Режиссерлар мен актерлерге көп рақметімізді айтамыз. Осындай кинолар түсіре беріңіздер»,– деді көрермен Күлсара АСЫЛБЕКОВА.
«Жастарға да осы сериалды көріп, осы жерден үйреніп, тәлім-тәрбие алса екен диміз. Алматы арнасына үлкен рақмет», – деді көрермен Сәуле ТАЙГУЛОВА.
Көрермендер телехикаяны «Алматы» телеарнасынан жұмыс күндері түскі сағат 13:50-де көре алады. 20 бөлімнен тұратын фильм наурыз айының ортасына дейін жалғасады.
Ұлағат АРҒЫНҰЛЫ, Рашид ШҮКІРАЛИЕВ