|
11.03.2022 | 20:00
23683

Теңгенің еркін айырбас бағамы әлі де жалғасады – Ұлттық банк

Рубльдің долларға шаққандағы бағамы отандық валютаға да ықпал етіп отыр

Теңгенің еркін айырбас бағамы әлі де жалғасады – Ұлттық банк Almaty.tv

Ұлттық банк теңгенің о баста бекітілген бағамына қайта оралуды көздеп отырған жоқ. Сондықтан нарықта теңгенің еркін айырбас бағамы режимі әлі де жалғасады. Бұл туралы банк төрағасы Ғалымжан Пірматов ҚазАқпаратқа берген сұқбатында мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ресей – Қазақстанның негізгі сауда серіктесі. Сондықтан рубльдің долларға шаққандағы бағамы отандық валютаға да ықпал етіп отыр. Ұлттық банктің төрағасы Ғалымжан Пірматов бұл ретте теңге рубльдің әсеріне ұшырай бермеуі керек деп есептейді. «Біздегі құбылмалылық – экономикадағы қалыпты жағдай» деген төраға қазақстандық валюта ресейлік бағаммен салыстырғанда бір деңгейде еместігін алға тартады.

«Енгізілген санкциялардың нәтижесінде рубль енді техникалық түрде негізгі екі алаңда – Мәскеу биржасындағы ішкі нарықта және банкаралық нарықта саудаланады. Өкінішке қарай, оларда баға белгілеу әртүрлі. Ал біз Мәскеу биржасына көбірек қараймыз, себебі онда өтімділік бар», - деді Қазақстан ұлттық банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов.

Ел экономикасының тарихында Ұлттық банк бағамды бір деңгейде ұстап тұруға тырысқанымен, нәтижесінде теңгенің құлдырау жағдайы болған. Мұны еске алған банк төрағасы белгіленген нақты көрсеткіш мемлекеттік бюджетке қымбатқа түседі дейді. Мысалы, 2014-2015 жылдары валюталық интервенцияға 35 млрд теңге жұмсалған. Бірақ бағамды ұстап тұру бәрібір мүмкін болмады.

«Ұлттық банк ішкі және сыртқы нарықтағы жағдайға тұрақты түрде мониторинг жүргізіп, өзгерістердің ықтимал салдарын бағалап отыр. Бұл ретте дүрлігудің қажеті жоқ. Біз күрделі мәселе туындаған жағдайларда дербес шешім қабылдауға құқылымыз», - деді Ғалымжан Пірматов.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық банк геосаяси жағдайларға байланысты баға тұрақтылығын қолдау үшін базалық мөлшерлеме деңгейін 13,5 пайызға дейін көтерген еді.

Мадина Оқас, Мақсат Күнібеков, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир