|
17.01.2024 | 08:16
728

Кофені күніне неше рет ішуге болады – дәрігер кеңесі

Сергіткіш сусынды ішуге ең қолайлы уақыт күннің алғашқы жартысы саналады

Кофені күніне неше рет ішуге болады – дәрігер кеңесі elements.envato.com

Кофе — әлемде ең танымал сусындардың бірі. Оның үстіне көптеген адам өз өмірін таңғы хош иісті кофесіз елестете де алмайды. Бұл ретте Алматы қалалық №36 емхананың дәрігері Жансая Ескермес кофе ішудің пайдасы мен зиянын, сондай-ақ назар аударатын жайттарды айтып берді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі inform.kz-ке сілтеме жасап.

Дәрігер алдымен кофенің адам ағзасы үшін пайдалы тұстары жайында айтты.

- Кофенің құрамында адамның сергек болуына көмектесетін және қуат деңгейін арттыратын кофеин бар. Ол адамға таңғы уақытта немесе физикалық не психикалық белсенділігі артқан кезде пайдалы болуы мүмкін. Сондай-ақ, кофеде антиоксиданттың көп мөлшері бар, олар жасушаларды бос радикал әсерінен зақымданудан қорғауға көмектеседі. Кофенің кейбір ауруларға оң әсері бар, мысалы, кейбір зерттеулер бойынша кофе ішу Паркинсон ауруы, 2-типті қант диабеті, тіпті кейбір қатерлі ісік түрінің даму қаупін азайтуы мүмкін,  - дейді дәрігер.

Оның айтуынша, кофенің келесідей зиянды тұстары болуы мүмкін.

- Кофені шамадан тыс тұтыну ұйқысыздықты, жүйкенің қозуы мен алаңдаушылықты тудыруы мүмкін. Қан қысымы жоғары адамның кофе ішуі қан қысымының одан әрі көтерілуіне себеп болуы мүмкін. Жүкті әйелдерге жүктілік кезінде кофені көп мөлшерде ішу құрсақтағы нәрестенің шала туу қаупі тууы мүмкін, - деп атап өтті Жансая Ескермес.

Жүрек-қан тамырлары ауруы бар адамдар, жүкті әйелдер, ұйқысыздық немесе мазасыздықпен ауыратын адамдар, балалар кофе ішуді шектеп немесе мүлдем бас тартқаны жөн.

Кофе ішуге ең қолайлы уақыт - таңертең немесе күннің алғашқы жартысы. Түнде кофені ішу ұйқыға кедергі келтіруі мүмкін.

Сөз соңында Жансая Ескермес кофе әуесқойлары үшін бірқатар кеңес берді.

- Күніне 400 мг артық кофеин тұтынбаңыз, ол шамамен 4 кесе. Кофе ұйқысыздықты, жүйкенің қозуын немесе басқа жағымсыз белгілерді тудыратынын байқасаңыз, тұтынуды шектеуге тырысыңыз немесе одан толығымен бас тартыңыз. Адамдарға кофеин әр түрлі әсер етеді, сондықтан өз сезіміңізді бақылаңыз және соған байланысты ішетін кофе мөлшерін реттеңіз, - деді дәрігер Жансая Ескермес.

Оқи отырыңыз: Таңғы ас ішпейтін адам ашуланшақ болады

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир