Шай түрлі бактерияларды жоя алады

Сурет:elements.envato.com
Сурет:elements.envato.com
Шай ішудің өзіндік дәстүрі бар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шәй – сергіткіш, жанды жадыратып, шөлді басатын сусын. Қазақ халқы үшін шайдың орыны бөлек, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі el.kz-ке сілтеме жасап.

Жалпы шай ішу дәстүрі қайдан бастау алады? 

Шай ішу дәстүрі ежелгі Қытай елінен бастау алады. Аңыз бойынша желмен ұшып келген бірнеше шай жапырағы Қытай императоры үшін дайындалып жатқан ыдыстағы қайнаған суға түсіп кетеді (б.з.д.VI ғасыр ). Сусын өзінің дәмімен және қош иісімен билеушіні қатты қызықтырады. Сол күннен бастап уәзірлеріне де шай демдеп, оны ішуді бұйырады.

Ал Ресейге шай 1638 жылы келді. Орыс елшісі Стариков Мәскеу патшасына Монғол ханның сыйлыққа берген шайын әкеліп береді. Алғашқыда патша бұндай сыйлыққа қатты ашуланыпты. Бірақ кейін жаңа сусын патшаның көңілінен шығады.

Шай Жапонияға ХІІ ғасырда Қытайдан келіпті. Жалпы шайды  батыста «ти» десе, шығыста «шай» деп атайды.

Шайды сүйсініп ішетін ағылшындар шайдың тұқымын Қытайдан алып келген. 

Шай ағашы

Шай бұтасы – күй талғамайтын, тамырлы, көпжылдық өсімдік. Дегенмен жер қыртысы мен климаттық жағдайлардың өзгерісін жылдам сезінеді. Жапырақтары кезектесе орналасқан, қалемше тәріздес, жылтыр, шеттері өткір тісті, ұзындығы – 7, ені 4 сантиметр болады. Шай жас жапырақтардан, оның бүрлерінен өндіріледі. Алғашқы өнім бірінші вегетациядан кейін жиналады. Шай өнімдерінің ішіндегі  ең бағалысы – бірінші және екінші бүрлері. Бірінші өнім, әдетте, ақпан айынан бастап наурыз айына дейін жиналады.

Шайдың қандай түрлері бар? 

Шай – байха (үгітілген) және тақта шай (престелген) деп бөлінеді. Байха шайы: қара, көк және сарғыш қара, көк шай. Онда белокты заттар мен амин қышқылдары 16%-25%, пигменттер бояғыш заттар 10%, А1, В1, В2, РР, С тағы да басқа дәрумендер бар. Шайдың сергітетін әсері оның құрамындағы кофеинге байланысты. Шайдағы эфир майы 0,006 – 0,02 пайызға жуық. Ол шайға хош иіс, тіл үйіретін дәм береді.

Шайдың жеті түрі бар



Көк шай – шай жапырағының күн көзіне кептірілген түрі. 

Сары шай – өте сирек кездеседі және шайдың ең қымбат түрі. Жылына 300-600 келі ғана өндіріледі. Мұндай шай Дунтиху өзені ортасындағы аралда ғана өседі. Өте қатқыл, әсері күшті. Дайындау тәсілін қытайлықтар өте құпия ұстайды. Адам қуатын тез арада қалпына келтіреді.

Улун шайы – жартылай ферментті, ашық түсті. Бас пен ми жұмысына күш түскенде өте жақсы жәрдемдеседі.

Қызыл шай – (бізше қара шай) күшті ферменттелген шай. Бұл да көк шайға жатады, бірақ жиналғаннан кейін өте жоғары температурада кептірілген.

Қара пуэр – тым сирек кездесетін сұрып. Жылына бірнеше келі етіп қана жасайды. Бұл шай кездейсоқ дайындалған. Шай плантациясынан дүкендерге әкелгеннен кейін, жаңбыр астында қалып қойып, қатты дымқылданған. Сөйтіп бірнеше жылдар бойы қожайынның қоймасында жатқан. Кейін шайдың бір қорабын алып, дәмін көргенде қожайын ерекше хош иісті сезген. 

Пуэр –  уақыт өткен сайын бағасы, құндылығы өсіп келе жатқан шайдың жалғыз түрі. Ол шайдың басқа шай түрлерінен әсері өте күшті. 

Гүлді шай – гүлмен дәмін келтірген, жан рақаты үшін ішеді.


Шайды қалай демдеу керек?

Шай демдегенде ерекше бап қажет. Аққұманды қайнаған сумен 2-3 қайтара шайып, оған шай (2 стақан суға 1 шай қасық) салып, үстіне қайнап тұрған суды, әуелі аққұманның ½ мөлшерінде құяды да, аз уақытқа қоя тұрады. Сосын отқа қойып бұқтырып алғаннан кейін, аққұманды сүлгімен бүркеп 5-7 минут тұндырады. Кейін шәйнекке толтыра қайнаған су құяды. Егер шай түбіне толық тұнса, оның әзір болғаны деп біліңіз. Бұқтырылған шайды қыздырмайды, қайнатпайды және келесі күні самасына шай қосып демдемейді.

Ыстық шай ағзаға зиян ба?

Шайды ыстықтай ішуге болмайды. Өйткені ыстық шай кеңірдекке, ас жолы мен асқазанға кері әсер етуі мүмкін. Ұзақ уақыт ыстық шай ішу ішкі органдарды ауруға ұшыратады. Температурасы 62 градустан жоғары шай асқазанды бұзады. Шайдың температурасы 56 градустан аспауға тиіс. Шай дайындау үшін суды ұзақ қайнатқан дұрыс. Болмаса шайдың фенолы, эфирлік компоненттері қышқылданады, шай тұнықтығынан, дәмінің сапасы мен хош иісінен айырылады. Шайды бірнеше рет қайнатып ішуге мүлде болмайды. Әдетте 3-4 рет қайнатқаннан кейін шай жапырақтарында пайдалы заттардың 50 пайызы, екінші қайнатқанда 30 пайызы қалады. Осылайша оның құрамындағы пайдалы элементтер біртіндеп азайып, бірнеше рет қайнатқанда ондағы зиянды заттар көбейе түседі.

Шайдың емдік қасиеті

Сүт қосылған қою шай дәрі-дәрмектен уланған жағдайда удың бетін қайтарады. Аз мөлшердегі құрғақ жүзім шарабы тамызылған қара және көк шай қоспаларының қою, салқындатылған тұнбасымен қабақтың қабынуы, шырышты қабықтың бітеліп қалуы, конъюктивит кезінде көзді жууға болады. Балғын шай жапырағының шырынымен немесе ұнтақталып, үгітілген кепкен шаймен дененің күйген жерлерін емдейді. Кепкен көк шайды шайнау – жүрек айнығанды басуға жақсы көмектеседі. Көк шайдың қою тұнбасы денедегі сыртқы жараларды, тіпті жүйелі пайдаланған жағдайда асқазан мен аш ішек жараларын жазады. Көк шай тұнбасы қан қысымын түсіреді. Шайды тіл ойылғанда, экземаға, теріге жарақат түскенде, іріңді жараларға ем ретінде қолданады. Таңертеңгілік және кешкі уақытта тіс тазалар алдында шай тұнбасымен ауызды шайса, тістің түбі нығаяды.

Қытай медицинасы да шайды уланған адам ағзасын емдеуге пайдаланған. Онымен ауыр тері жарақаттарын емдеп, дене еңбегімен шұғылданғанда сергу үшін ішкен көрінеді. Шай түрлі бактерияларды өлтіре алатын күшке ие. Негізінен, ол – сүзек, дизентерия тәрізді аса қауіпті бактерияларды жояды. Қан құрамын, жүрек жұмысын жақсартады. Шай бүйрекке тас байлануын болдырмайды. Жақсы өскен шай жапырағында С,В1,В2,А,Р дәрумендері бар деп, оны бет-алды іше берсең, шай өңіңді өзгертіп, ұйқыңды қашырады. Шайды тым қою етіп дайындап ішсең, оның құрамындағы кофеин жүйке жүйесінің қызметін қоздырады, қан қысымын күшейтіп жібереді. Шай 18 градус ыстықтан төмен болса, жұпар иісі мен адам жанын сергітетін шипасын, дәмдік татымдылығын жоғалтады. Шайды асықпай, ұрттап ішсе ас қорыту органы, тамақ, асқазан күйіп қалмайды. Шай тұнбасындағы Р дәрумені адам ағзасына С дәруменінің жақсы сіңуіне көмектеседі. С дәрумені жетпеген адамға көк шай ішу қажет. Көк шайды дұрыс пайдалана білген адам ерте қартаймайды.

Оқи отырыңыз: Әлемдегі ең қымбат кофені білесіз бе

Новости партнеров