Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) 2022 жылдың басынан бері 50 елде 3413 адамның маймыл шешегі инфекциясын жұқтырғанын және бір адамның қайтыс болғаны туралы ақпарат берді. Бұл туралы сейсенбіде Женевада жарияланған ДДСҰ ақпараттық бюллетенінде жазылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«2022 жылдың 1 қаңтары мен 22 маусымы аралығында ДДСҰ-ға ұйымның бес аймағында орналасқан 50 ел мен аумақтан маймыл шешегін жұқтырудың 3 413 жағдайы және осы дерттен бір адамның қайтыс болғаны хабарланды», - деп атап өтті ұйымнан.
Алдыңғы ақпараттық бюллетень 17 маусымда жарияланғаннан бері сегіз елде инфекцияға шалдығудың 1310 жаңа жағдайы анықталған. Маймыл шешегімен ауыратындардың көпшілігі (86%) Еуропалық аймақта тіркелді. Одан кейін тізімде Америка (11%), Африка (2%), Шығыс Жерорта теңізі (1%-дан аз) және Азия-Тынық мұхиты (1%-дан аз) тұр. Елдердің ішінде ауруға шалдығудың ең көп жағдайы Ұлыбританияда тіркелді, онда 793 адам маймыл шешегіне шалдыққан. Сонымен қатар ең көп науқастар саны жағынан Германия (521), Испания (520), Португалия (317), Франция (277), Нидерланды (167) және АҚШ (142) тіркелді. Қалған 43 мемлекет пен аумақта ауруға шалдығу жағдайларының саны 100-ден аспайды.
Әзірге вирустан қайтыс болуы жағдайы Нигерияда ғана тіркелді. ДДСҰ эпидемиологиялық жағдайды жіті бақылауда. Ұйым аурудың жаһандық таралу қаупін орташа деп бағалап отыр. Ұйымның маймыл шешегі жөніндегі комитеті 23 маусымда Женевада өткен отырысында індет халықаралық деңгейде алаңдаушылық тудыратын төтенше жағдай емес деген қорытындыға келді.