"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы 10 маусымдағы апат кезінде қаза болған металлургтердің отбасына он жылдық жалақы төледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Сондай-ақ компания зардап шеккендердің балаларының оқу ақысын төлеуге, отбасыларына баспана алуға көмектесуге міндеттеме алды.
"Ешқандай материалдық қолдау отбасылардың қайғысын жұбата алмайды. Соған қарамастан, компания отбасыларға барлық қажетті қолдауды көрсететініне жеке өзім сендіремін", - деді "АрселорМиттал Теміртау" АҚ бас директоры Биджу Наир.
Әр отбасына он жылдық жалақыдан бөлек, компания әрбір балаға 18 жасқа дейін немесе жоғары білім алған жағдайда 23 жасқа дейін ай сайынғы сақтандыру төлемін төлейді. Қажет болған жағдайда қаза болғандардың отбасына баспана алуға көмектеседі немесе біржолғы өтемақы төлейді. Үйді жөндеуге қаражат береді немесе ипотекалық төлемдердің белгілі бір бөлігін төлеп береді. Серіктестік кәсіпорындарында әйелдері мен балаларын жұмысқа орналастыруға жәрдемдеседі. Әйелдері мен балаларына санаторийлер мен балалар лагерьлеріне жыл сайын жолдамалар береді.
Еске салайық, 10 маусымда металлургиялық зауытта "Құрылысмет" ЖШС-нің ("АрселорМиттал Теміртаудың" еншілес кәсіпорны) соғу-престеу цехындағы термиялық пешті демонтаждау кезінде пештің шатыры опырылған болатын. Үйінді астында бес жұмысшы болған. Төртеуі қаза тауып, біреуі аман қалған еді.