Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев Наурызбай ауданы тұрғындарымен кездесуінде мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
"Ауданда, әсіресе жоғарғы бөлігінде емханалардың жетіспеу мәселесі өзекті болып тұр. Аудан халқының жыл сайын 10-12 мың адамға өсетінін ескере отырып, қала әкімдігі 2 жаңа емхана және 1 отбасы-дәрігерлік амбулатория салуды жоспарлап отыр", -деді мегаполис басшысы.
Бүгінгі күні Құрамыс шағынауданында 500 келушіге арналған емхананың жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленді. 2023 жылдың қаңтарында мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алу, 2023 жылдың II-тоқсанында құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау жоспарланған.
Шұғыла шағынауданында 500 келушіге арналған жаңа емхана салу үшін жер учаскесін ресімдеу және жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге конкурс жариялау үшін құжаттама дайындалып жатыр.
"Сондай-ақ, осы жылдың соңына дейін Ақжар шағынауданында 200 келушіге арналған 1 дәрігерлік амбулаторияның жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу аяқталады, қазіргі уақытта ол мемлекеттік сараптаманың қарауында. Құрылысты мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алып, конкурстық процедураларды өткізгеннен кейін 2023 жылдың II-тоқсанында бастау жоспарланған", - деп мәлімдеді әкім.