Шымкенттегі жұқпалы аурулар ауруханасында медбике ыстық сумен клизма жасаған он айлық бала мемлекеттік квотамен Алматыда емделетін болды. Бұл туралы Түркістан облысының Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Сәби санитарлық авиациямен Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына жеткізілген.
Баспасөз хатшысының айтуынша, 10 айлық сәбиді Алматыға ауыстыру мәселесі анасының өтініші бойынша шешілген.
«Баланың ішкі ағзаларын толық тексеру үшін он күндей уақыт керек болған. Себебі, ішектегі күйіктің орны жазылмайынша оны УДЗ аппаратымен көру қиындық туғызады. Дегенмен, Түркістан облыстық клиникалық балалар ауруханасының дәрігерлері тиісті емдік шараларын жасап, алғашқы көмекті көрсетті. Соған қарамастан анасы ем-домды Алматыда жасаса деген өтінішін білдірді. Осыдан кейін балаға жолдама дайындалып, санитарлық авиациямен Алматыға ауыстырылды. Дәрігерлер ондағы әріптестерімен байланысып отыр. Бала аман-есен сондағы орталыққа жеткізіліп, жатқызылды»,- деді Мира Сүлейменова.
Еске сала кетсек, 25 наурызда он айлық баланың іші ауырып, Шымкенттің жұқпалы аурулар ауруханасына түседі. Үш күннен соң медбике ыстық сумен клизма жасапты. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, бала І-ІІ деңгейдегі күйік алған, күю деңгейі - 1 процент.
Қазір медициналық мекемеде тексеріс жүріп жатыр. Аурухананың үш қызметкері тексеріс біткенше уақытша жұмыстан аластатылды.