Елордалық жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлердің Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылған уақыт (2017 жылдың 1 шілдесі мен 2020 жылдың 29 мамыр) аралығында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін аударған жарналарының жалпы сомасы 41 млрд теңгеден асады.
«Ал 2020 жылдың мамыр айында медициналық сақтандыру үшін 2 млрд теңгеден аса жарна аударған. Олардың қомақты бөлігі – 1,3 млрд теңгеден астамы жұмыс берушілердің аударымдары, ал 6,9 млн теңгеден астамы – жеке кәсіпкерлерден түскен жарналар», – дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Айдар Сейітқазинов.
Сондай-ақ, 2020 жылғы 29 мамырдағы жағдай бойынша, 114 444 адам бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) жасаған. Бірыңғай жиынтық төлем жасау қажет, бұл – әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуға құқық береді.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 31 наурыздағы тапсырмасы бойынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша сақтандырылмаған азаматтардың медициналық көмек алу құқығы 1 шілдеге дейін ұзартылған болатын. Осы уақытқа дейін азаматтардың барлығы шартты түрде сақтандырылған болып есептеледі және қала тұрғындарының бәрі осы МӘМС жүйесінің барлық артықшылықтары мен мүмкіндіктерін пайдалана алады, яғни медициналық қызметтің бәрі қолжетімді болады.