“Іңкәр” фармацевтикалық компаниясының тапсырысы бойынша Үндістаннан жалпы салмағы 32 тонна болатын жүк жеткізілді деп хабарлайды Almaty.tv.
Компания өкілдерінің айтуынша, әуежайда жалпы саны 242 мың қаптама болатын COVID-19-ға қарсы препарат түсірілген.
Жүк кедендік рәсімдеуден өтіп, қажетті құжаттар толтырылғаннан кейін компанияның қоймасынан дәріхана желілеріне жеткізіледі.
Компания сонымен бірге арнайы тұрақтандыру қорына дәрі-дәрмектерді сатып алу тетігін іске асыра бастағанын айтты.
Еске сала кетсек, Алматы қаласының әкімі Б. Сағынтаевтың тапсырмасымен фармацевтикалық компанияларға қажетті дәрі-дәрмектерді сатып алу үшін пайызсыз несие беруге 5 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлінген. Қаражаттар қайтарымды және айналмалы негізде «жұмыс істейді».
Шілде айының басында кейбір дәріханаларда сұраныс жоғары болғандықтан, ыстық түсіретін және басқа препараттардың тапшылығы туындағаны белгілі. Алайда жедел қабылданған шаралардың арқасында жағдай тұрақтанды. Сонымен қатар, қаладағы тұрақтандыру қорынан дәрі-дәрмектерді Алматыдағы COVID-19-ға қарсы стационарларға жеткізу жұмыстары басталды.
«Бес атаулы дәр-дәрмек келді. Жүктің жалпы салмағы 32 тоннаны құрайды. Олардың барлығы COVID-19-ға қарсы препараттар. Келесі аптада тағы Үндістан елінен дәрілердің жаңа партиясы келеді деп күтілуде. Осылайша біз алматылықтар мен Алматы облысының тұрғындарын қажетті дәрі-дәрмекпен үздіксіз қамтамасыз етеміз»,– деді «Іңкәр» фармацевтикалық компаниясының менеджері Шолпан Исабаева.
Бұрын хабарланғандай, шілде айының соңына дейін Алматыға COVID-19-ға қарсы препараттардың 6,5 миллион қаптамасы жеткізіледі.