Алматы әкімдігі резидентура мен магистратурада медициналық кадрларды даярлау үшін 120 грант бөлді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша әкімдік есебінен мемлекеттік тапсырыс аясында медицина саласындағы кадрларды даярлауға 120 грант бөлінді. Бұл орын алған тапшылықты жою мен мамандардың жаңа буынын қалыптастырудағы маңызды қадам болып табылады.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровтың төрағалық етуімен өткен жергілікті атқарушы органның қаржысы есебінен мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру мәселесі бойынша қалалық комиссияның онлайн-кеңесі барысында нарықтың қажеттілігін ескере отырып, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында кадрларды даярлау жөніндегі тиісті мәселелер қаралды.
Мәселен, Алматы қаласы әкімдігінің қаржысы есебінен клиникалық мамандықтарды даярлау бойынша 120 грант бөлінді, оның ішінде мақсатты резидентураға (110 грант) және магистратураға (10 грант) және С. Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетіне «эпидемиология» мамандығына, Қазақстан-Ресей медициналық университетіне (университеттер мемлекеттік білім гранттарын орналастырудың конкурстық тәртібі бойынша анықталды) берілді.
Бүгінде Алматыда кадрлар тапшылығы 300-ден астам дәрігерді құрайды. Мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында республикалық бюджет есебінен клиникалық мамандықтар бойынша резидентурада оқуға 38 грант бөлінеді. Әкімдік ұсынатын 120 грант медициналық ақпараттық жүйелер деректері негізінде және «Алматы қаласында медицина кадрларының тапшылығын төмендету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы» Жол картасын іске асыру аясында, сондай-ақ кадрлармен қамтамасыз ету саласындағы динамиканы ескере отырып жасалған аса тапшы дәрігерлік мамандықтарды даярлауға негізделген. Жалпы кадрлар тапшылығын алдағы 2-3 жылда жабу жоспарлануда.
Айта кетерлігі, комиссия үміткерлер жоқ мамандықтар бойынша гранттарды сұранысы жоғары, сонымен қатар «кардиохирургия», «неонатология» мамандықтары бойынша гранттар санын көбейту үшін қайта бөлу туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар, ковидтік және ковидтік емес стационарларға қажет мамандар ескерілді.
Сонымен, гранттар келесі мамандықтар бойынша берілді: анестезиология және реанимация - 35 грант, жұқпалы аурулар - 18, терапия - 10, пульмонология - 6, кардиология - 2, педиатрия - 9, неонатология - 3, неврология - 3, отоларингология - 6, клиникалық фармакология - 2, гастроэнтерология - 6, офтальмология - 3, эндокринология - 3, балалар хирургиясы - 2, травматология және ортопедия - 2, жедел медициналық көмек - 3, физикалық медицина және оңалту - 5, нейрохирургия - 2.
2-3 жылдық оқу аяқталғаннан кейін Алматы қаласының мемлекеттік медициналық ұйымдарында және қаланың Қоғамдық денсаулық басқармасына бағынышты ұйымдарда тиісті мамандық бойынша 5 жыл жұмыс істеу қарастырылған.