|
23.06.2020 | 20:14
8236

К. Надыров коронавирустан емделіп шыққан алматылықтарды донор болуға шақырды

Алматыда індеттің ауыр түрімен ауыратын науқастар саны артқан

К. Надыров коронавирустан емделіп шыққан алматылықтарды донор болуға шақырды Фото с сайта inform.kz


Коронавирустан жазылып шыққан әрбір адам тағы үш науқасты індеттен айықтыра алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ол үшін донорлыққа келісіп, қан тапсырса болғаны. Алматылық дәрігерлер COVID-19 инфекциясынан сауыққан азаматтарды қан құрамында болатын иммундық плазма тапсыруға шақырып жатыр. Мұндай антиденелер әсіресе ауыр хәлдегі пациенттердің өмірін сақтап қалуға сеп болады екен. Осыған орай бүгін қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Қамалжан Надыровтың өзі арнайы қан орталығына барып, донор болып қайтты.

Коронавирустан жазылып шыққан адамдардың қанында қалыптасқан антиденелер індеттен айығуға жақсы әсер етеді. Дәргерлер осылай дейді. Сондықтан да дәл қазір мұндай донорлар аса қажет болып тұр. Бүгін қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Қамалжан Надыров та қаладағы «Республикалық қан орталығына» арнайы келді. Ол иммундық плазма тапсырған 24-адам болып тіркелді. Алдымен келушілер жіті бақылаудан өтеді. Саусақтан тегін қан үлгісі алынып, зертханалық тексеру жасалады. Содан кейін донор терапевттің қабылдауында болады. Егер қан құрамы жақсы болса, онда иммундық плазмаға қан тапсыруға рұқсат етіледі.

«Қанның ішіндегі антиденелер біздегі өте ауыр жағдайдағы науқастарға өте қажет. Орысша айтқанда бұны «живая вакцина» дейміз. Сондықтан коронавируспен ауырып болған науқастарды қан тапсыруға шақырамын. Алматы қаласында 2 мыңнан астам сондай науқастар бар», – деді қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Қамалжан Надыров.

Қазір Алматыда коронавирустан сауығып шыққан 23 адам донор болуға ниет танытып, қан тапсырған. Оның тек үшеуінің ғана иммундық плазмасы коронавирусқа шалдыққан адамдарды емдеуге жараған екен. Өйткені дәрігерлердің сөзінше, ауырып шыққан адамда антидене айрықша қалыптасуы керек. Алынған плазмалар өте ауыр жағдайда жатқан науқастарға және жүкті әйелге салыныпты. Ал бүгін Қамалжан Надыровтың тапсырған қан сынамасы оң нәтиже берді, яғни керекті иммунды антидене жақсы қалыптасқан.  

Иммундық плазмалық қан тапсыру осы жерде жүзеге асады. Мынадай құрылғының көмегімен қан құрамындағы антиденелер мынадай арнайы ыдысқа іріктеліп, жиналып алынады. Мұндай процесс «плазмаферез» деп аталады және оған 30-40 минут уақыт кетеді.

Мамандардың сөзінше, коронавируспен күресудің, оны жеңудің белгілі әрі сенімді әдісі әзірге осы. Вирусқа қарсы қалыптасқан иммундық жүйені вакцина ретінде пайдалану әлемде, сондай-ақ, біздің елде де бұрыннан бар тәжірибе. Ал дәл коронавирусқа қарсы жасалатын «плазмаферез» тәсілі елімізде мамыр айынан бастап қолға алынған.

«Біз иммундық плазмаға донор болғысы келетін адамдарды коронавирустан жазылған соң 14 күннен кейін қабылдаймыз. Процедура донорға ешқандай зиян келтірмейді. Қайта керісінше пайдалы жағы көп. Бір реттік донация кезінде донордан 600 миллилитр плазма алынады. Бұл 3 доза, яғни бір адамнан алынған сұйықтық үш адамның ағзасына енгізуге жетеді», – деді «Республикалық қан орталығы» РМК директоры Дилявер Бекиров.

Донордан алынған плазма инактивация процесінен өтеді. Яғни, плазма құрамындағы барлық генетикалық материлдар, түрлі вирус пен бактериялар жойылады. Барлық пайдаланылатын материалдар мен құралдар бір реттік және зарарсыздандырылған. Айта кетейік, қан тапсырамын деушілер «Республикалық қан орталығының» төменде көрсетілген телефон нөмірлері арқылы ақпарат ала алады.

Назкен Еркін, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» арнасы

ГРАФИКА-1:

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚАН ОРТАЛЫҒЫ:

+7 (727) 246 09 23

+7 (727) 382 61 43

+7 (777) 25 33 656 - ТӘУЛІІК БОЙЫ


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир