Атырауда босанған әйелдің неден қайтыс болғаны белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Алдын ала диагноз бойынша, әйел қағанақ су эмболиясынан көз жұмуы мүмкін. Бірақ, бұл тек болжамды диагноз ғана. Нақты себебі барлық сараптама жүргізілгеннен кейін ғана белгілі болады», – деп хабарлады облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері Қуаныш Нысанбаев.
Еске салайық, әйел облыстық перзентханаға Исатай ауданынан келіп түскен. Босану процесінде кедергілер болып, ана мен бала өміріне қауіп төнуі мүмкін болғандықтан, оған кесарь тілігін жасау туралы шешім қабылданды. Ота сәтті өтіп, бала аман-есен дүниеге келген.
Бірақ, белгісіз себептермен бірнеше сағат өткен соң әйелдің жағдайы күрт нашарлаған. Оны құтқару мүмкін болмапты. Бірнеше сараптама тағайындалды. Соның қорытындысына қарап оның нақты неден қайтыс болғанын айтуға болады.