Әлемде табиғи апаттар жиілеп барады. Филиппинде ірі жер сілкінісі болса, Индонезияда Мерапи жанартауының атқылауынан 11 адам қаза тапты. Ал Үндістанның Ченнай қаласын толассыз жаңбыр басып, рейстер кейінге шегерілді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Индонезияның батыс Суматра аймағындағы Мерапи жанартауының атқылауынан 11 адам қаза тапты. 12 адам із-түзсіз жоғалғандар тізіміне енді. Тағы 3 адам тірі табылған. Қою қара түтін 15 000 метр биіктікке көтерілді. Ғалымдар бұл құбылысты елдегі ең жойқын атқылау деп бағалады.
Филиппинде бірнеше сағаттың ішінде қатарынан 22 жер сілкінісі болды. Еуропа-жерорта теңізі сейсмологиялық орталығы зілзала ошағын Тагбина муниципалитетінен солтүстік-шығысқа қарай 19 шақырым жерде орналасқан деген ақпармен бөлісті. Әлеуметтік желіде жерасты дүмпуінен үйлердің қабырғалары дірілдеп, қирап жатқан қорқынышты бейнежазбалар тарады. Табиғи апат кезінде төбеден панельдер құлап, әйнектер сынып, электр жарығы өшкен. 7,6 балдық жер сілкінісінен кейін елдің оңтүстігіндегі Минданао аралында цунами туралы ескерту жарияланды.
Үндістанда нөсер жауын салдарынан әуежайды су басты. 9 миллионнан астам тұрғыны бар Ченнай қаласында табиғи апат кесірінен мектептер, колледждер мен банктер жабылды. Әуежай жұмысын уақытша тоқтатып, ұша алмай қалған жолаушыларға өтемақы төленді. Елдің шығыс жағалауындағы индус храмдары да табынушыларды қабылдауды кейінге шегерді.
Оқи отырыңыз: Францияда бұрын сотталған ер адам туристерге шабуыл жасады