Қазақстанда апта сайын 1300-ден астам адам қызылша жұқтырып жатыр. Аурудың артқаны Алматыда да байқалады. Қаланың Денсаулық сақтау басқармасы инфекциялық стационарлардың 90 пайызға толғанын хабарлады. Оның көбі – бала. Дерттен қалай сақтануға болады? Осы және өзге сұраққа «Алматы» телеарнасының студия қонағы И.С.Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Салтанат Айбосынова жауап береді.
– Мегополистегі жағдай қалай? Аурудың өршу сатысы байқала ма?
– Қазіргі таңда елімізде қызылшаның өрши бастағаны байқалады. Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының дерегіне сәйкес, 2023 жылдың 22 қарашасында жұқпалы ауруларға арналған төсек-орны 90 пайызға толтырылған. Балалар жұқпалы аурулар ауруханасында 7 бөлімше ашылған, 280 жасөспірімді қабылдайды. Оның ішінде 12 жансақтау бөлімінің төсегі бар. Бір бөлімше «Саялы» шағынауданында, 3 бөлімше Байзақов көшесінде орналасқан жұқпалы аурулар ауруханасында және «Апорт» филиалында қабылдайды. Резервте 40 орын қарастырылған.
–Ал ауру өршісе, төсек-орын тапшы болмай ма?
– Қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасында 120 төсек дайындалған. Оның 108-і қолданыста. Эпидемиологиялық жағдай нашарласа, қосымша орындар қарастыруға дайынбыз. Көкқайнар ықшамауданында қосымша орын ашу қарастырылған.
Оқи отырыңыз: Елімізде нейрохирургия саласы қалай дамып келеді