Алматы қаласы әкімдігінің грантты бойынша білім алған алғашқы резиденттер диплом алды. Қазақ ұлттық медициналық университетінде тегін білім алып жатқан 183 адамның 45-і бүгін салтанатты түрде медицина қызметкері атанды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде резидентура түлектеріне диплом тапсыру рәсімі өтті. Дипломнан кейінгі білім беру факультетінде барлығы 1347 адам оқиды, ал арнайы бейінді дәрігер дипломын биыл 493 түлек алады. Олардың қатарында Алматы қаласы әкімдігінің тапсырысы бойынша оқыған резиденттер бар.
– Соңғы 2 жылда Алматы қаласының әкімдігі медициналық мамандардың тапшылығын ескере отырып, біздің университетпен арнайы келісімшарт жасап, 183 бала бізде оқып жатыр. Алматы қаласы жергілікті бюджет қаражаты есебінен. Соның алғашқы қарлығаштары 45 бала 10 мамандық бойынша бітіріп, медициналық емдік профилактикалық мекемелерге жұмысқа кірісейін деп отыр, – деді С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ дипломнан кейінгі білім беру факультетінің деканы Абылай Баймаханов.
Диплом алғаннан кейін болашақ дәрігерлер оқуын бітірген қалада кем дегенде 3 жыл жұмыс істеуі керек. Биыл ұлттық медицина университеті резидентура факультетінде 10 білім беру бағдарламасы бойынша маман даярлайды. Олардың ішінде гастроэнтеролог, инфекционист, невропатолог, педиатр, неонатолог, фармаколог, пульмонолог, терапевтер және эндокринолог бар.
– Мен неврология мамандығы бойынша резидентураны тәмамдадым. Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен дипломымды қолға алып жатырмын. Ең алдымен, осындай мүмкіндік берген қала әкімдігіне және кәсіби білім мен тәжірибе үшін университетке алғысым шексіз, – деді резидентура түлегі Зухра Маделханқызы.
Университет таратқан дерекке сүйенсек, биыл елімізде 3450 медицина қызметкеріне қажеттілік байқалады. Сұранысқа ие мамандардың қатарында терапевт, педиатр және акушер-гинекологтар бар.
– Он жылдық еңбегіміздің нәтижесі ғой. Кішкене уайымдап, қобалжып тұрмыз. Бірініші курстан акушер-гинеколог болу арманым еді. Бүгін еңбегімнің нәтижесін көріп,қуанып жатырмын – деді резидентура түлегі Нұрлай Тілеуқұл.
Айта кетейік, Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде ел азаматтарынан бөлек, әлемнің 31 елінен келген 3 мыңға жуық шетелдік білім алады.
Гүлмарал Изатқызы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматы әкімдігі «Автотрансгаз» ЖШС-нің барлық бағытын басқа тасымалдаушыларға берді