|
28.07.2023 | 13:59
4055

Алматы әкімдігі «Автотрансгаз» ЖШС-нің барлық бағытын басқа тасымалдаушыларға берді

Биыл 24 шілдеден бастап өз қызметін тоқтатты

Алматы әкімдігі «Автотрансгаз» ЖШС-нің барлық бағытын басқа тасымалдаушыларға берді Фото ашық дереккөзден

2023 жылдың 24 шілдесінен бастап «Автотрансгаз» ЖШС қызмет көрсеткен сегіз маршрут төрт тасымалдаушыға көшті. Алматы әкімдігі жұмыс күні маршруттардың тоқтауын болдырмау үшін осы компанияның жолаушылар тасымалы саласындағы қызметін мерзімінен бұрын тоқтатуына байланысты осындай жедел шара қолдануға мәжбүр болды, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Автотрансгаз» компаниясы қалалық жолаушылар тасымалы нарығындағы қызметін биыл 24 шілдеден бастап тоқтатты, бұл сот талқылауы қала әкімдігінің пайдасына шешілген соң орындалды.

Бұрын хабарланғандай, міндеттемелерін орындамауына байланысты осы ұйымға талап қойылған. Компанияның барлық маршрутында толық қызмет көрсетілмей, тасымалдау сапасына теріс әсер етті. Жолаушылар тарапынан автобустардың жай-күйіне, жүріс аралығына және техникалық себеппен қозғалысқа шықпауына қатысты қисынды сын айтылды. Бұл ретте, әкімдіктің субсидия төлеу жөніндегі барлық міндеттемесі толық көлемде орындалды.

Алматы қалалық мобильділік басқармасы қолданыстағы тасымалдаушылар арасында бағыттарды уақытша бөлу бойынша жедел шаралар қабылдады. Соның нәтижесінде сегіз бағыт қаланың төрт тасымалдаушысына берілді, қажет болған жағдайда жылжымалы бірліктер кезең-кезеңімен көбейтіледі.

Мәселен, №112 маршрутта «Алматыэлектротранс» ЖШС 5 автобустың орнына 10 автобус шығарады. Сонымен қатар, коммуналдық автопаркке №126, 16 және №3 маршруттар берілді, онда желіде тиісінше 8, 9 және 2 автобус жүреді.

«ДуманТранском» компаниясына №29р (2 автобус) және №47 (12 автобустың орнына 16 автобус) бағыттары берілді.

№29 маршрут «Экобас» жеке тасымалдаушысына берілді, ол желіге 12 автобус шығарады.

№85 маршрутта енді «АвтоАлматранс» ЖШС қызмет көрсетеді, ол 10 автобусты іске қосты.

Осылайша, қазіргі уақытта Алматыда 24 компания жолаушылар тасымалымен айналысады.

Айта кетейік, биыл 600 газбен жүретін автобус сатып алу жоспарланған, оның 100-і құжаттарды рәсімдеуден өтіп жатыр және жақын арада пайдалануға беріледі. Қалған автобустарды жеткізу биыл жыл соңына дейін көзделген. Жаңа автобустардың келуіне қарай қаланың қолданыстағы және ең көп жүретін бағыттарын жаңарту және автобус санын көбейту жоспарға енген.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир