Донор болу арқылы жүздеген адамның өмірін құтқара аласыз. Бүгін – Халықаралық донор күні. Қалалық қан тапсыру орталығында келген тұрғындарға бағалы сыйлықтар табыс етілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ал қан тапсырғандардың көпшілігі сыйлықтан бұрын, өзгеге көмек бергеніміз маңыздырақ деп отыр.
«Мен Алматыға кездейсоқ келіп қалдым. Негізі өте сирек келемін. Бүгін кішкентай бүлдіршінге көмек керегін естіп, қан тапсырдым. 10 жылдай болды донор болып жүргеніме. Бүгін донор күні, алматылықтарды қан тапсыруға шақырамын. Сіз біреудің өмірін құтқарып қалуыңыз мүмкін», – деді донор Бақтияр Жұмағұлов.
Мамандар адам ағзасының бірден-бір қорегі қан екенін және оның теңдессіз екенін айтып отыр. Сондықтан донор болуға келген әрбір қала тұрғыны, соны сезінсе екен дейді. Мәселен қаладағы медициналық мекемелерге күніне 30 литрге дейін қан тасымалданады. Ал шұғыл қажеттілік туындаған жағдайда, бұл көрсеткіш екі есеге өсуі мүмкін.
«Бүгінгі күні адам қанының құны өте жоғары. Сондай -ақ қанды ешқандай дәрі-дәрмек алмастыра алмайды, оны тек адамнан аламыз. Сондықтан біз үнемі азамттардың донорлыққа белсенді болуын өтінеміз. Ауыр жаратақан алған науқастар қанға өте мұқтаж», – деді қалалық қан тапсыру орталығының директоры Жандос Нәдіров.