Бүгін ғұмырын өзге адамдардың денсаулығы мен өміріне қамқор болуға, зор алғысқа лайықты істерге арнаған жандардың еңбегі еленетін күн. 12 мамыр – дүниежүзілік медбикелер күні. Жалпы, антына адал еңбек етіп жатқан медицина қызметкерлерінің қиын да жауапты жұмысы қазір ел назарында. Бүкіл әлемді дүрліктерген ковид-19 пандемиясымен күресте алдыңғы шепте жүрген абзал жандар жайында Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын әңгімелейді.
Науқастың саулығына дәрігерден кем қарамайтын жанашыр медбикенің арқалаған жүгі ауыр. Міндеттелген жұмысы көп. Сырқаттың келіп түскенінен бастап сауығып аяғына тұрып кеткеніне дейін дәйек болатын жанның бірі – Жансая Асанбекова. Былтырдан бері медицина саласына ауыр салмақ пен үлкен жауапкершілік жүктелгенін айтады. Елде пандемия басталғалы бері әрбір күніміз жаңа тәуекелге айналды дейді жас маман.
«Бірінші кезекте өзіме жұқтырып аламын ба, жұмыстан үйге қалай барамын деген сияқты көптеген қорқыныш болды. Бірақ менің жұмысым болғаннан кейін жауапкершілікті мойныма ала отырып, сақтық шараларын сақтай отырып, ондай аурумен шалдыққан жоқпын», – деді медбике Жансая Асанбекова.
Ал, Гүлнар Жақыпованы ақ халатсыз елестету мүмкін емес. Себебі осы салада тапжылмай тер төгіп, көптің ыстық ықыласына бөленіп жүргеніне 40 жылға жуықтаған. Қалада жаппай коронавирусқа қарсы вакциналау басталған кезде жұмыстары екі еселеген. Мейірбикелер мен бірге өзі де арнайы мамандардан сабақ алып, санитарлық талапқа сай емханада егу бөлмелерін даярлады. Қазір індеттен қорғанудың тиімді әрі жалғыз жолы екпе алу екенін сеніммен айта алады.
«Мейірбикелік мамандыққа кез келген адам келе бермейді деп ойлаймын өзім. Осыны таңдаған адамның мейірімділік осы жұмысқа төзімділік, жауапкершілік, шыдамдылық, жүрек жылуы бола білуі керек. Тек қана дәрігерлердің тағайындау ем шараларын орындап қана қоймай, нағыз кәсіп иесі болса, жүрек жылуымен де емдейді деп өзім санаймын», – деді аға медбике Гүлнәр Жақыпова.
Қайырымдылық пен ізгіліктің жаршысы іспетті мейіргерлердің бүгінгі төл мерекесімен еліміздің бас дәрігері Алексей Цой да құттықтады. Ол дәрігерлердің қолғанаты болып жүрген медбикелер бұрын орта медициналық персонал саналса, қазір олардың рөлі әлдеқайда жоғары екенін атап өтті.
«Әрбір медицина қызметкері үшін ең үздік марапат емделушілердің алғысы деп санаймын. Сондықтан әрбір қазақстандықтың атынан осы күні әріптестеріме олардың ықыласы мен қайсарлығы үшін алғыс айтамын. Сіздерге зор денсаулық, амандық тілеймін!» – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Бүгінде қала бойынша 74 медициналық нысан болса, онда 15 мыңнан астам мейірбике қызмет етеді. Олар дәрігерлердің жүктемесін азайтып, жұмысын сапалы атқаруына септігін тигізіп келеді. Құрметті кәсіп иелеріне деген әрбір адамның айтар алғысы қашанда бөлек.
Ұлағат Арғын, Сағынтай Мұңайтпасов, «Алматы» арнасы