|
06.10.2023 | 19:32
13648

Петропавлда балабақша қызметкерінен құрт ауруы шықты

Қызметтік тексеру жүргізу үшін арнайы комиссия құрылды

Петропавлда балабақша қызметкерінен құрт ауруы шықты Almaty.tv

Петропавлда «Балдәурен» балабақшасының қызметкерінен туберкулез анықталды. Ауруды әрмен қарай таратпау үшін мекемеде дезинфекция жүргізілген, бірақ санитарлық іс-шара барысында балалар балабақшада болған. Ал ата-аналар қауіпсіздік қаралмағанын айтып, наразылық танытып жатыр.

Балабақша медбикесінен туберкулез анықталды деген хабар өңірде үлкен резонанс туғызды. Мектепке дейінгі ұйымда тәрбиешілер болған мәселені ата-аналарға бірден жеткізбей, ортақ чатқа тек дезинфекция жүргізіледі деген ақпарат беріп, балаларды ертерек алып кетуді сұраған. Жангүл Әбілмажинова жұмыстан қолы босамай, 4 жасар баласын тек кешке алып кеткенін айтты. Баласы үшін уайымдап отырған әйел жағдайды білсем, бұған жол бермес едім деп наразылығын білдіруде.

– Не үшін, не жағдай болды ешкім түсіндірген жоқ. Дезинфекция деп айтты. Нақты ештеңе айтылған жоқ. Басшылар қайда қараған? Ол кісі неліктен жұмыс жасап жатыр? – деді ата-ана Жангүл Әбілмажинова.

Мектепке дейінгі ұйымда барлығы 338 бүлдіршін бар. Бүгін 161 балабақшаға келген. Олардың ата-анасы мәселені білмеген. Ата-аналар кешегі дезинфекцияның салдарынан балаларда аллергиялық реакцияның байқалып жатқанын айтты.  

– Кешке қарай баламның мұрнынан су ақты. Ал таңертең тамағы ауыра бастады. Ол балабақшада залалсыздандырудан кейін оянып, ойнапты. Баламды балабақшадан ең соңында әкеттім. Ол қазір жөтеліп жатыр, – деді ата-ана Айна Исенова.

Кейінірек белгілі болғандай, қызметкер бұған дейін пневмониямен ауырса да, балабақшадағы жұмысын жалғастырған. Мекеме әкімшілігі мұны ескермепті. Біраз уақыттан кейін медицина қызметкерінде туберкулез анықталады. Ал мекеме басшылығы анықталған диагнозды да, дезинфекцияның неліктен жасалып жатқаны жайында да ата-аналарды хабардар қылмаған.

– Диагноздың ресми анықтамасы болмағандықтан, ешкімге айтылмады. Бастапқыда дезинфекция демалыс күндері жүргізіледі деген шешім қабылданған. СЭС мамандары шұғыл түрде өткізу керек екенін айтты. Инстанция санитарлық қызметтермен келісе отырып, балабақшада дезинфекциялау жұмысын жүргізді, – деді балабақша меңгерушісі Мадина Дарбаева.

Қазіргі уақытта бұл қызметкер уақытша еңбекке жарамсыз есебінде жұмыстан босатылды. Ал дезинфекция орталығында хабарлағандай, жұмыс жүргізілген препарат төртінші санатқа жатады және өмірге қауіп төндірмейді. Дүйсенбіден бастап мекеме барлық қызметкерді тексерістен өткізеді. Байланыста болған балаларға сынама қойылады.

– Дезинфекция балалардың қатысуымен тікелей жүргізілмеген, олар оқшауланды. Бізге қаулыны басқарма береді. Балабақша әкімшілігі мен медицина қызметкерлері рұқсат берді, – деді Дезинфекция орталығы директорының орынбасары Жұлдызбек Жамантаев

Облыстық білім басқармасы болса, қызметтік тергеу жүргізу үшін құрамына денсаулық сақтау және білім беру қызметкерлері кіретін жұмыс комиссиясының құрылғанын мәлімдеді.

Нұргүл Алина, Азамат Елубаев, «Алматы» телеарнасы, СҚО-дан

Оқи отырыңыз: Өлімге араша: Алматылық дәрігерлер кейуананы аман алып қалды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир