Алматыдағы Орталық қалалық клиникалық ауруханасында 3 науқас ВИЧ инфекциясын жұқтырды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл ақпаратты қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мен Денсаулық сақтау министрлігі растады. Аталған жағдай реанимация бөлімінде гемотрансфузия алған пациенттердің 30 күннен кейін бақылаудан өтуі нәтижесінде белгілі болған. Індетті тасымалдаушыны анықтау мақсатында қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары және ЖИТС орталығының мамандары бірлескен комиссия құрылып, тексеріс жүргізілген. Дегенмен, талдама алынғанның барлығынан вирус табылмаған.
«Комиссия мүшелері адамның иммун тапшылығы вирусы инфекциясының берілу көздерін анықтау үшін ішкі тергеу жүргізді. Донорлар, медицина қызметкерлері және науқастармен байланысқан адамдар тексерілді. Талдама нәтижесінде, барлығынан теріс нәтиже шықты. Жаңа фактілер анықталған жоқ. Комиссия қорытындысы 13 маусымда қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне берілді. Нақты нәтиже бойынша уәкілетті органдар тиісті шаралар қабылдайды», – деді қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Назгүл Иманғалиева.
Қазір аталған жағдай бойынша Денсаулық сақтау министрлігі эпидемиологиялық тексеру жұмыстарын бастады. Бұл шаруаға Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің мамандары мен Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының қызметкерлері де жұмылдырылып отыр.
Оқи отырыңыз: Кардиология және ішкі аурулар ғылыми зерттеу институтында заманауи қабылдау бөлімі ашылды