Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы қан құю бекетіне айналды. Сағат таңғы 8:00-ден 14:00-ге дейін аурухана қызметкерлерін Қалалық қан орталығының өкілдері қабылдады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Барлық санитарлық және қауіпсіздік норманы сақтай отырып, мәжіліс залында кішігірім зертхана орнатылды, мұнда әрбір ниет білдірген донор: өзінің қан тобын; резус факторды; гемоглобин деңгейін тексере алды.
Осылайша қан алу алдында әрбір қызметкерді Орталық дәрігері қарап, талдаулар алынып, онымен әңгіме жүргізілді.
Аталмыш қайырымдылық науқаны ҚЖШККА-да жыл сайын өткізіледі, тек коронавирус кесірінен бірнеше жыл өткізілмей қалған.
- Аурухана донорлық қызметке белсенді қатысып келеді. Бұл шара бір жағынан ынтымақтастық пен ұйымшылдықты нығайту болса, енді бір жақтан қоғамның әл-ауқатын арттыруға қосқан шағын үлесіміз. Қалалық қан орталығының қолдауымен өткізілетін «Донор күні» біздің дәстүріміз деуге болады, - дейді ҚЖШККА бас дәрігерінің орынбасары Гүлнар Жантуова.
- Қан тапсыруға тілек білдірушілердің қатары жылдан жылға көбейіп келеді. Олардың ішінде жастар көп, бұл қуантпай қоймайды. Қанды кез келген дені сау, 18 жастан асқан, салмағы кем дегенде 50 кг болатын адам тапсыра алады. Әрине, донорлыққа қарсы көрсетілімдері болмаса. Бір адам тапсыратын 450 мл қанның физиологиялық дозасы үш адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін.
Алматы - үлкен қала. Сондықтан донорлық қанға қажеттілік қашанда болады.
Жүйелі қан тапсыру жүрек-тамыр жүйесін нығайтып, ағзаның өзін-өзі жаңарту қызметін қамтамасыз етеді, - дейді Нұрдәулет Абдыкадыров, Қалалық қан орталығының Донорлар жинақтау бөлімінің меңгерушісі.
- Мен бұған дейін де қан тапсырғанмын.
Осылай жыл сайын бүкіл ұжыммен қан донорлығына қатысуға қуаныштымын. Сенің қаның ертең біреудің өмірін құтқаратынын білу маңызды, - дейді Жансая Мақұлбек нефролог-перфузиолог дәрігер.
- Қан тапсыру қауіпсіз және игі іс, егер менің қаным біреуге көмектессе, мен қуаныштымын. Біздің аурухана қызметкерлері жиі қан тапсырады. Ал мен бүгін алғаш рет тапсырып жатырмын. Осы жақсы іске өз үлесімді қоса алатыныма қуаныштымын. Ауруханамызда қан орталығының жылжымалы бөлімшесінде, ешқайда шықпай қан тапсыруға жағдай жасалғаны қуантады, – дейді аурухана бас дәрігері орынбасарының м.а. Бауыржан Омаров.
Донор күніне Аурухананың 62 қызметкері қан тапсыруға ниет білдірді, оның 15-і медициналық көрсеткіштерге байланысты (гемоглобиннің төмен болуы, қан тамырының жіңішке болуы және т.б.) қан тапсыра алмады.
Осылайша 47 қызметкер барлығы 22 литр қан тапсырды.
Аурухана әкімшілігі Қалалық қан орталығына осындай мүмкіндік үшін және қан тапсырып үлесін қосқан әрбір қызметкерге осы шараға қатысқаны үшін зор алғысын білдіреді.
Аурухана қызметкерлері күнделікті жұмысында ғана емес, мұқтаж жандарға қан тапсыру сынды игі шараларда да бірлік пен тәртіп үйлесімділігін көрсетті.