|
06.12.2023 | 15:56
665

БҚО-да қызылша жұқтыру көрсеткіші артты: 56 адам емделіп жатыр

Облыста эпидемиологиялық ахуал қолайсыз болып тұр

БҚО-да қызылша жұқтыру көрсеткіші артты: 56 адам емделіп жатыр Сурет: elements.envato.com

Батыс Қазақстан облысында 2023 жылы 307 адам қызылша дертіне шалдықты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі іnform.kz-ке сілтема жасап. 

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, облыста эпидемиологиялық ахуал қолайсыз болып отыр.

Оның сөзіне қарағанда қызылшамен ауырғандардың 65,7% (202) – 14 жасқа дейінгі бала, 8,4% (26) – жасөспірім, 25,7% (79) – ересек адам.

- Аурулардың басым бөлігі (207 адам) Орал қаласының үлесіне тиеді. Сондай-ақ Бөрлі ауданында – 40, Сырымда – 21, Бәйтеректе – 13, Ақжайықта – 8, Казталов пен Теректіде – бес-бестен, Тасқалада – 3, Шыңғырлауда – 2, Жаңақала мен Қаратөбеде 1 адамнан сырқаттанғаны тіркелді. Бұлардың 81,4% екпе алмаса, соның ішінде 10,4% – екпе жасына жетпегендер, 24,4% – егу туралы мәліметі жоқтар, 29,3% – екпеден бас тартқан, 17,2% – медициналық қарсы көрсетілімдер себебінен екпе алмаған, - деді Нұрлыбек Мұстаев.

Департамент мәліметі бойынша ұжымдар арасында инкубациялық кезеңде қатнаста болғандар саны 29 болса, соның 12-сі – балабақша, 16-сы – мектепте, біреуі – жоғары оқу орнынан (3 студент).

БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айнаш Ғұбайдуллинаның айтуынша, стационарларда 56 науқас ем алып жатса, соның 36-сы – бала, 17-сі – ересек адам, үшеуі – жүкті әйел. Бір баланың жағдайы ауыр болса, қалғанының халі орташа.

 - Қызылшаның алдын алудың ең тиімді жолы – халықты вакцинациялау. Барлық бала қызылшаға қарсы екпе алуы керек. Қосымша жаппай иммундау басталғалы бері 2 583 бала егілді. Биылғы 9 қарашадағы мәлімет бойынша қызылшаға қарсы профилактикалық екпеден бас тартқандар саны 4 676 болса, түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 1 101-ге азайып, 3 575 бала қалып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда, - деді Айнаш Ғұбайдуллина.

Оқи отырыңыз:Алматыда қызылша жұқтырғандардың 95 пайызы вакцина алмаған

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир