Алматыда 52 жастағы әйел дүниеге егіз бала әкелді

Алматыда 52 жастағы әйел дүниеге егіз бала әкелді
Дәрігерлер жүкті әйелге – ауыр преэклампсия, жатыр тыртығы диагнозын қойды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының дәрігерлері 52 жастағы жүкті әйелді босандырып, егіз баланы аман алып қалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығына жүктіліктің 31 аптасында басы айналып, іші ауырып, қан қысымы жоғарылап кеткен 52 жастағы әйел түсті. Дәрігерлер жүкті әйелге – ауыр преэклампсия, жатыр тыртығы диагнозын қойды. Науқаста 2007 жылы да ауыр преэклампсия болған. Айта кету керек, әйел егіздерді ЭКО арқылы көтерген. 

«Ультрадыбыстық зерттеу кезінде екінші ұрықтта жүрек ақауы анықталды. Сол себепті әйел шұғыл операцияға алынды. Преэклампсия анаға да, ұрыққа да қауіп төндіруі мүмкін еді. Сондықтан, кесарь тілігі арқылы босанды. Нәтижесінде салмағы 1,644 грамм және 990 грамм екі ұл бала дүниеге келді. Нәрестелер шала туғандықтан жансақтау бөліміне ауыстырылып, арнайы инкубаторда 10 күн жатты. Отадан кейін аналарының да жағдайы ауыр болды, ол да бірнеше күн жансақтау бөлімінде жатты. 5 күннен кейін жаңа босанған әйел бөлімге ауыстырылды, содан кейін балаларын әкелдік. Бүгінгі күні ана мен балалардың жағдайы жақсы. Патология бөлімінде жатыр. Жаңа туған нәрестелер салмақ қосып жатыр, қауіп жоқ. Жақында олар үйіне шығады», дейді дәрігер Балзия Әбілмәжінова. 

Өз кезегінде егіздердің анасы дәрігерлерге алғысын айтты. 

«Автобустан түсіп келе жатып құлап қалдым, үйге келгенде бүкіл денем ісіп кетті. Жағдайым күрт нашарлады, ішім ауырды, қан қысымым көтеріліп, басым айналды. Жедел жәрдем шақырдым, олар мені Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығына алып келді. Барлық тексеруден кейін маған бірден ота жасалды. Оянсам, балаларымының жансақтау бөлімінде жатқанын айтты. Әрине, мен олар үшін қатты уайымдадым, өйткені олардың біреуі өте әлсіз болды. Бірақ осы орталықтың реаниматологтары, неонатологтары және басқа да мамандарының кәсібилігінің арқасында балаларым тез сауығып кетті. 10 күннен кейін жансақтау бөлімінен шықты. Қазір балалар салмақ қосып үлгерді, біреуі қазірдің өзінде 2 келіден, екіншісі 1600 граммнан асады. Реаниматологтарға, неонатологтарға және барлық медициналық қызметкерлерге ерекше рахмет айтамын», – дейді егіздердің анасы.


Новости партнеров