Алматыда «Астана Опера» театрының әртістерінің қатысуымен балет кеші өтті. Елордадан келген өнерпаздардың мерекелік бағдарламасы Абай атындағы Қазақ ұлттық академиялық опера және балет театрында сахналанды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Астана Опера» балет труппасының өнерін тамашалауға алматылықтар көптеп жиналды. Пандемияның салдарынан мұндай кездесулер сиреп кеткендіктен, келушілер әртістерді зор қошеметпен қарсы алып, сағынғанын байқатты.
«Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова жаңа бағдарламамен келгендерін айтып қалды. Бұл жолы театр гала-балеттің классикалық және заманауи қойылымдарынан түрлі көрсетілімдер енгізілген екі нұсқасын дайындапты. Әртістер бірінші бөлімде «Бетховен – Мәңгілік – Махаббат», «Дала үні», «Елес бал» балеттерінен дуэт орындады.
«Біз Алматыға осыдан екі ай бұрын да келгенбіз. Алматылық көрермен жақсы қарсы алды. Міне, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерейтойына орай жаңа бағдарламамен қайта келдік. Бұл мүлде өзгеше бағдарлама. Және өнерде өз орнын ойып тұрып алған бишілермен бірге, солардың өкшесін басып келе жатқан жас орындаушылардың өнер көрсетуімен ерекшеленеді», – деді «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова.
Екінші бөлім Н. Римский-Корсаковтың музыкасына жазылған «Шехеразада» хореографиялық драмасымен басталды. «Мың бір түн» ертегісінен шабыт алған классикалық романтикалық балеттің негізін қалаушы Михаил Фокин спектакльді сонау 1910 жылы қойған екен алғаш рет. Араға бір ғасыр салып, ол «Астана Опера» сахнасында қайта жаңғырды.
Айта кетейік, Алматыда «Астана опера» театрының гастрольдік сапары 2 күнге жалғасады. Бірінші күні «Шахерезадада» басты рөлді ҚР еңбек сіңірген қайраткері Гаухар Усина сомдаса, келесі күні дәл осы рөлді Айгерім Бекетаева сомдамақ.
«Бұл рөл де, сахна да маған өте ыстық. Өйткені осы жерден түлеп ұштым десем де болады. Сол себепті осы киелі сахнада өнер көрсету мен үшін қуаныш. Алматы жақсы қарсы алып жатыр. Ауа райы да, көрермендер де керемет! Барша тұрғынды балет кешіне шақырамын», – деді «Астана опера» театрының жетекші солисі Гаухар Усина.
Екі бөлімнен құралған балет кеші тарихи декорацияларымен, әдемі қойылымымен жиналғандарды ғажайып өнер әлеміне жетеледі. Осылайша, алматылық көрермен балет өнерінің тұнығынан сусындап, керемет әсер алды.
Қайрат Советбекұлы, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы