Б. Сағынтаев Алматының жедел жәрдем қызметін нығайтуды және дамытуды тапсырды

Б. Сағынтаев Алматының жедел жәрдем қызметін нығайтуды және дамытуды тапсырды
Қайғылы оқиға күндері жұмыс істеген барлық қызметкер материалдық көмек алады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары кезінде жедел жәрдем қызметінің жұмысымен танысып, ұжымымен кездесті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қала әкімі жедел жәрдем бригадаларына шақыруларды қабылдау және беру жүзеге асырылатын ақпараттық-диспетчерлік бөлімнің жұмысымен танысты. Қызмет ұжымымен кездесуде Б. Сағынтаев даму перспективаларын, қызметкерлер мен жалпы ұйымның өзекті мәселелерін шешуді талқылады, сондай-ақ қаңтар айындағы оқиғалар кезінде зардап шеккендерге көмек көрсеткендері үшін алғысын білдірді.

Жедел жәрдем қызметкерлері өздерінің кәсіби міндеттерін орындауда батылдық танытты. Террористік актілер барысында 5 қызметкер зардап шекті, олардың төртеуінің денсаулықтарына жеңіл дәрежеде зиян келсе, біреуінің денсаулығы орташа ауырлықта жапа шекті. Сол күндері барлығы 2160 жедел жәрдем қызметкерлері жұмыс істеді.

Тәртіпсіздік барысында зардап шеккендерге барған кезде 32 арнайы автокөлік зақымданды. Бүгінде меценаттар жедел жәрдем қызметіне 16 жедел жәрдем көлігін тапсырды.

Б. Сағынтаев қайғылы оқиға күндері жұмыс істеген барлық қызметкер материалдық көмек алатынына сендірді. Сондай-ақ, қала жедел жәрдем қызметін қажетті техникамен және жабдықтармен қамтамасыз етеді.

Алматы әкімі Қоғамдық денсаулық басқармасына жағдайды зерделеп, жаңа қосалқы станцияларды ашу бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды. Бұдан басқа Б. Сағынтаев материалдық-техникалық қамтамасыз ету, жедел жәрдем қызметкерлерін қолдау мәселелерін шешуді тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Қазіргі уақытта жедел жәрдем қызметінде қаланың барлық аудандарында 11 қосалқы станция бар, бұл шақыру орнына бригадалардың тез келуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ ұйымға автожөндеу шеберханалары, ақпараттық-жедел диспетчерлік қызмет кіреді.

Шұғыл медициналық көмекті тұрақты негізде 200 бригада көрсетеді: реанимациялық, қарқынды терапия бригадалары, педиатриялық, дәрігерлік, фельдшерлік және практикалық жұмыс тәжірибесі бар, заманауи медициналық технологиялар мен сынақтан өткен әдістерді пайдаланатын жоғары білікті мамандардың үлкен штаты. Олар ауруханаға дейінгі кезеңде науқастар мен зардап шеккендерге уақтылы диагноз қою және көмек көрсету үшін барлық қажеттіліктермен жабдықталған. Сонымен қатар, 25 бригада резервте тұр.

Қала әкімдігінің қолдауымен соңғы екі жылда қызметтің негізгі мәселелері шешілді. Ынталандыру компоненттерін төлеуге жергілікті бюджеттен 256 миллион теңге бөлінді. Автопарк 70% жаңартылды, 140 жедел жәрдем автокөлігі сатып алынды.

Новости партнеров