Алматыда медициналық сақтандыру қорының көмегімен ем алып, қымбат деген оталарды тегін жасатқан қала тұрғындарының саны артқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Өткен жылдың өзінде құны 93 млрд теңге болатын қызмет түрі көрсетіліпті. Бұл туралы қор директоры Тілеухан Әбілдаев хабарлады.
Оның айтуынша, компьютерлік томография мен МРТ қызметіне жүгінушілердің қатары көбейген. Ал 6 мыңнан астам науқас онкологиялық диагностикадан өткен. Көптің қалтасы көтере бермейтін бұл қызмет үшін 1,5 млрд теңге төленсе, медициналық оңалуға 6,2 млрд теңге қор есебінен жүргізілді. Тілеухан Әбілдаев биыл да медициналық сақтандыру қорына төленетін қаржы көлемі ұлғаятынын айтып қуантты. Сәйкесінше, қымбат оталар мен стационарлық қызмет түрлеріне қолжетімділік артпақ.
«Өздеріңіз білесіздер, биыл ең төменгі жалақы мөлшері мен айлық есептік көрсеткіш көлемі өсті. Соған байланысты жеке кәсіпкерлер мен өз бетінше төлеушілердің жарнасы да өсті. Жұмыс берушілер жалақысының 3 пайызын төлеп отырады ал жұмыскерлердің жалақасы былтырғыдай 2 пайыз есебінде қалып отыр», - деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев.