Алматы қаласы №4 Қалалық клиникалық ауруханасы базасында Қазақстан травматолог-ортопедтер қауымдастығының құрылғанына 10 жыл толуына орай салтанатты отырыс өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Аурухана травматолог-ортопедтері мәскеулік әріптес Игорь Голубевпен бірге қол буынының сынуы салдарынан жарақат алған ер адамның сол қолының жұмысын қалпына келтіру үшін күрделі микрохирургиялық ота жасады. Науқас дәрігерлік көмек алу үшін ауруханаға барған жоқ, нәтижесінде сүйектер бір-бірімен дұрыс өспеген, бұл өз кезегінде бірқатар ақауларға әкелді: оның қолы дұрыс бүгіліп-иілмеді.
«Жарақаттанудың нәтижесінде бесінші саусақ проксимальды фаланга негізі деңгейінде дұрыс бітпей, деформациялар орын алды: саусақтың қисаюынан басқа, оның иіліп-бүгілуі бұзылған. Сіңірлер арасындағы қатынас бұзылғандықтан: кейбір сіңірлері қысқарған, кейбіреулері керілген, саусақ қалыпты жұмыс істей алмады. Остеотомия жасадық, саусақты түзеттік, сіңірлерді қатайттық. Саусақ осін түзетуге байланысты қосымша сүйек қажет болды, біз оны науқастың білек сүйегінен алып, пайда болған ақауды толтырдық, барлығын спицамен бекіттік», - деді №4 қалалық клиникалық аурухананың травматолог-ортопеді Ғалым Базарқұлов.
Қазақстанның барлық травматологтары жиналған шара аясында травматология және ортопедия саласындағы медициналық көмек көрсету мәселелері, Қазақстан Республикасының тұрғындарының жарақат алу кезінде көмек көрсетуді ұйымдастырудағы түйткілді мәселелер, сондай-ақ тұрғындарға медициналық көмек көрсетуді жақсарту бойынша Жол картасын іске асыру мәселелері талқыланды.
Еске салайық, Алматыда алты аурухана травматологиялық көмек көрсетеді: № 4 ҚКА, № 7 ҚКА, ҚЖШККА, ОҚКА, және № 2 ҚБКА. Үстіміздегі жылдың басынан бері қалалық ауруханаларда жарақат алған 17 мыңнан астам адам емделді.
«№4 қалалық клиникалық аурухананың базасында травматолог-ортопедтер Қауымдастығы жиынының өтуі кездейсоқ емес. Біздің клиника көпсалалы аурухана бола отырып, аймақта жеті толыққанды мамандандырылған бөлімшесі бар травматологиялық аурухана ретінде белгілі. Біздің дәрігерлер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен МӘМС аясында травматологиялық көмектің Emergency room құрамына кіретін травматологиялық пунктінен бастап, жарақат салдары бар науқастарды оңалтуға дейін толық қызметтер кешенін көрсетеді. Сонымен қатар, клиника №4 қалалық клиникалық аурухана құрылған күннен бері Асфендияров атындағы ҚазҰМУ травматология және ортопедия кафедрасымен ынтымақтастықта еңбек етіп келеді», - дейді №4 қалалық клиникалық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Елдес Сүгір.