Қазақстанда қатерлі ісікке шалдыққандар жыл санап артып барады. Қазір есепте тұрғандардың саны 180 мыңнан асқан. Мұндай мәліметті еліміздің бас онкологы келтірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қауіптісі жаман ауру жастарда жиі анықталып жатыр. Жыл сайын қатерлі ісіктен елімізде 15 мың адам көз жұмады. Олардың қатарында тіпті балалар да бар. Онкологиялық аурулар ішінде жатыр мойын обырының алдын алуға болады. Ол үшін 9-12 жастағы қыздарға екпе жасалу қажет дейді мамандар.
«Әйелдер арасында көз жұматындардың көбі осы жатыр мойын обырына шалдыққандар. Бірақ, бұл кеселмен күресуге болатынын ұмытпайық. Ол үшін қыздарға ерте 12-13 жастан екпе жасау қажет. Келесі жылдан бастап, осы мақсатқа арнайы қаржы бөлініп, ерікті түрде тегін екпе береміз», - дейді ҚР ДСМ Қазақ Ұлттық онкология және радиология институтының директоры Диляра ҚАЙДАРОВА.
Онкологиялық аурудың көбеюі әлем елдерінде қатты алаңдатып отыр. Сондықтан төрткүл дүниенің назарын аударту мақсатында жақында елордада халықаралық саммит өтпекші.
«Онкологиялық аурулар – әлем күнтәртібінде тұрған күрмеуі көп мәселе. Нұр-Сұлтанда осы саланың жілігін шағып, майын ішкен көшбасшылар жиналатынына қуаныштымыз. Осылайша біз обыр дертіне халықаралық қауымдастықтың назарын аударамыз деп ойлаймын», – деді Иордания ханшайымы, қатерлі ісіктің алдын алу дүниежүзілік одағының президенті Дина МАЙРЕД.