|
29.09.2021 | 18:38
1789

Алматылық өнертапқыштар жүрек ауырғанда жедел жәрдем шақыра алатын құрылғы ойлап тапты

Жақын уақытта 100 данасы сатылымға шығатын кардиоонализатордың бір бөлігі халық қолданысына тегін берілмек

Алматылық өнертапқыштар жүрек ауырғанда жедел жәрдем шақыра алатын құрылғы ойлап тапты

Жүрек ауруын емдеуде алматылық өнертапқыштар биіктен көрінді. Қасымбек Өжікенов бастаған зерттеуші топ критикалық жағдай туындағанда, өз бетінше жедел жәрдем шақыра алатын портативті кардиоанализатор ойлап тапты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Өмірінің 48 жылын зерттеу жұмысына арнаған Қасымбек Өжікеновтың төл туындысы теңдессіз нәтиже көрсетуде. Кардиограмма, онлайн бақылау, науқастың тұрғылықты жерін анықтау, дабыл қағу сияқты фунцияларды орындай алатын бірегей аппарат БҒМ Ғылым комитетінің қолдауын тапқан.

«Жүрек ақауын ертерек анықтауға мүмкін беретін аппарат бар ма деген ой болды. Біртіндеп зерттеу жұмысын жүргізіп, қазір осындай құрылғыға қол жеткізіп отырмыз. Бастапқыда жай жобадан бастап, қазір осындай деңгейге жеттік», – деді Satbayev университетінің «Роботты техника және автоматикалық техникалық құралдары» кафедрасының меңгерушісі Қасымбек Өжікенов.

7 жыл зерттеу аясында дәрігерлер де өз нұсқаулығын көрсеткен. Холтер аппаратына қарағанда біршама функция қосып, ынғайлы және төрт есе арзан қылып сатылымға шығармақ.

«Тәулік бойы кардиограмма жазатын бір аппарат бар, бірақ оның жазылғаны тек магнитофонда қалады. Сыртқа ешқандай сигнал бермейді. Ал бұл аппараттың айырмашылығы – жүректің блокадасы болған жағдайда ол белгі береді», – деді жоғары санатты кардиолог, профессор Қайрат Кәрібаев.

Айта кетейік, жақын арада бұл кардионализатордың 100 данасы сатылымға шықпақ. Соның бір бөлігі халық қолданысына тегін беріліп, жедел жәрдем және бірінші санатты жүрек ақаулығы бар науқастарға таратылмақ. Өнертапқышты қолдау мақсатында ғылым және білім министрлігі 100 миллион теңге қаржылай көмек бөлген.

Сая Есімхан, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир