Дәрігерлерге арналған тұрғын үй бағдарламасы әзірленуі мүмкін. Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Бибігүл Жексенбай осындай ұсыныс айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның айтуынша, ақ халаттыларға арналған қолжетімді бағдарлама жоқ. Депутаттың дерегінше, елордадағы мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыс істейтін медицина қызметкерлерінің 40 пайызы жалдамалы пәтер жағалап жүр. Сенатор сондай-ақ медицина қызметкерлері үшін демалыс күнін көбейту мәселесін де көтерді.
– Халықты қолжетімді баспанамен қамтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар бойынша әскери қызметшілер және басқа да әлеуметтік жағынан әлсіз топ өкілдеріне баспана алу мүмкіндігі бар. Бірақ медицина қызметкерлеріне арналған жеңілдетілген несиемен үй алуға бағдарлама жоқ. Медицина қызметкерлеріне бөлек тұрғын-үй бағдарламасы немесе жеке жеңілдетілген несие беру туралы бағдарлама қабылдау мәселесін қарастыруды ұсынамын, – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай.
Оқи отырыңыз: Сенат қоғамдық бақылауды жүзеге асыратын заң жобасын мақұлдады