Мәскеудің білікті дәрігерлері Алматыға өз тәжірибесін бөлісуге арнайы келді. Жоба екі мегаполис басшыларының бұған дейін қол жеткізген келісімдерінің аясында жүзеге асып отыр. Ресейден келген 23 медицина қызметкерінің бәрі коронавирусты емдеу ісінде тәжірибе жинаған мамандар. Енді олар алматылық әріптестерімен бірлесіп, ауқымды жұмыс атқармақ. Тақырыпты Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын толықтырады.
Эпидемиолог, анестезиолог, кардиолог, реаниматолог және инфекционистер. Барлығы 23 білікті маманнан тұратын делегация Алматыға арнайы келді. Масқат – бір. Осындағы әріптестерімен вирустан емдеу үлгісін бөліседі, тәжірибе алмасады. Сарапшылар алда пандемияның екінші толқынын болжап отыр. Сол себепті әлі де болса арқаны кеңге салатын уақыт емес дейді мамандар. Бүгін таңертең қос тарап кеңес өткізіп, алдағы жұмыстарын пысықтады. Жиын барасында қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Ресейден келген делегация жетекшісі Мәскеу денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Алексей Токаревты таныстырды. Ал, ауқымды жобаны жүзеге асыру ісі қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров пен Мәскеу мэрінің орынбасары Анастасия Ракованың тікелей бақылауында болады.
«Жоба бауырлас қалалар басшылары арасындағы келісім аясында жүзеге асып отыр. Екі ел арасындағы ынтымақтастықтан туындаған бұл жобаны ұтымды болды деп айтар едім. Қазір Мәскеуден келген делегация белсенді жұмысқа кірісіп кетті. Білікті мамандар қаладағы ауруханалар мен клиникаларда алматылық дәрігерлермен өз тәжірбиелерімен бөлісіп жатыр. Біз мұндай медициналық көмекті жоғары бағалаймыз», – деді қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров.
Ресейден келген мамандар делегациясы 8 топқа бөлінді. Олардың бір бөлігі ауыр халде жатқан науқастарды емдеуге қатысады. Ал, қосымша жасақталған топ COVID-19 індетіне симптомды және симптомсыз шалдыққан науқастарға көмек көрсетпек.
«Қазіргі таңда Мәскеуден келген дәрігерлерден 8 топ құрылды. Олардың бір бөлігі ауруханадағы қауіпті саналатын қызыл аймақтарда жұмыс істейді және науқастарды емдеу жолында өз тәжірибесін бөліседі. Ал, басқа бөлігі диагностикада зерттеу жұмыстарымен айналысса, енді бір бөлігі компьютерлік томография саласында алматылық дәрігерлерге көмектеседі», – деді Мәскеу денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Алексей Токарев.
Мәскеуден келген ақ халаттырлардың бәрі өте білікті мамандар. Ал қаладағы клиникалар тәжірибе алмасудың тамаша алаңына айналмақ.
«Біз үшін әріптестеріміздің қауіпті індетпен күресу жолында қолданған әдістерімен танысу өте маңызды. Өздеріңіз білетіндей, Мәскеу қаласы пандемия уақытының күрделі кезеңін бастан өткерді. Олардың осы салада тәжірбиелі екеніне біздің күмәніміз жоқ. Әріптестеріміздің пікірін тыңдағаннан кейін біздің қабылданған шараларымызға өзгерістер енгізілуі әбден мүмкін», – деді қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Қамалжан Надыров.
«Мен мұнда алғаш келіп тұрмын. Медицина саласындағы мүмкіндіктеріңізбен толық танысқым келеді. COVID-19 вирусымен күресу жолында біз білгенімізді бөлісуге тырысамыз. Тәжірибе алмасу барысында өз білімімді жетілдіргім келеді», – деді Мәскеу ауруханасының пульмонолог-дәрігері Дмитрий Цыганко.
Бірескен іс-қимылдар қауіпті індетпен күресте оң нәтиже береді деп күтілуде. Қос қала арасындағы мұндай ынтымақтастық алдағы уақытта да жалғасын табады, дейді екі елдің дипломаттары.
«Екі ел арасындағы бауырластық тұрғыда жасалған бұл игі бастама тек алғашқы қадам деп айтар едім. Мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табатынына сенімім мол. Бүгін медициналық көмек Қазақстанға жасалса, ертең Қазақстан да Ресейге қол ұшын созады. Бұл көршілес елдер арасындағы достық пен ынтымақтастықтың айқын белгісі», – деді Алматыдағы Ресей федерациясының бас консулы Евгений Бобров.
«Ресей мен Қазақстан арасындағы бұл жолғы тәжірбие алмасу практикалық тұрғыда жүзеге аспақ. Сол үшін де Ресейдің білікті дәрігерлері Алматыға арнайы келіп отыр. Қазіргідей сын сағатта уақыт тауып біздің елге өз мамандарын жіберген Ресей билігіне үлкен алғысымды білдіргім келеді», – деді ҚР СІМ Алматыдағы өкілдігінің басшысы Ерлан Ысқақов.
Бүгінде Мәскеуде эпид-ахуал тұрақталып келеді. Демек, осы бағытта жетістікке жеткен мамандардың ақыл-кеңесі ауадай қажет.
Ұлағат Арғын, «Алматы» арнасы