Ана сүтін ештеңе алмастыра алмайды: әлемде табиғи жолмен емізу көрсеткіші төмендеп барады

08.08.2024 23:31

Ресейлік сарапшылардың қатысуымен ауқымды іс-шара өтті

elements.envato.com

“Ана сүтін ештеңе алмастыра алмайды”. Осылай деген неонатолог дәрігерлер мен педиатрлар әлемде табиғи жолмен емізу көрсеткішінің төмендеп кеткеніне дабыл қақты, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Осыған орай Алматыдағы перинаталды орталықта сала мамандары мен ресейлік сарапшылардың қатысуымен ауқымды іс-шара өтті. 3 күндік семинарда дәрігерлер нәресте мен ана денсаулығына қатысты ой қозғап, омыраумен емізудің тиімділігі жайында пікір алмасты.

- Қазір аналардың емізу көрсеткіші төмендеп кетті. Жас ата-аналар түрлі қоспа беріп, соның салдарынан сәбиге қажетті дәрумендер жетпей жатады. Сол үшін біз, неонатолог дәрігерлер, аналарға шеберлік сағаттарын өткізіп жүрміз. Сәбилерге, әсіресе 6 айдан бастап анасының сүтін ішу аса маңызды. Ол иммунитетті нығайтып, ми жұмысын жақсартады, аналарға да пайдасы зор. Алдағы 2 күн семинар өтіп, үшінші күні тәжрибеге көшеміз, - дейді неонатолог (Ресей) Денис Аксенов.

Сарапшылардың айтуынша, қазір аналардың дені нәрестелеріне сүт алмастырғыш қоспалар беріп, емізуден бас тартатын көрінеді. Іс-шарада балалардың физиологиясының дамуы, иммунитеттің қалыптасуы жайлы кеңінен айтылып, дәрумендердің әсері тәжірибе жүзінде көрсетіледі.

- Біздің де негізгі мақсатымыз - ана сүтімен баланы емізу, соны барынша қолдау, жаңадан босанған әйелге, жаңадан әке болған ер адамдарға қолдау көрсету. Ресейден келген сарапшылар тәжірибе бөлісіп жатыр. Тек босанғаннан кейін емес, босанғанға дейін де дайындық жүргізілуі керек, - дейді Перинатология және балалар кардиохирургия орталығы бөлім басшысының міндетін атқарушы Ләззат Оңалбаева.

Оқи отырыңыз:Қазақстан қоржыны тағы бір қола медальмен толықты