Ресей дәрігерлерімен тәжірибе алмасу мақсатында Алматыда бірегей ота жасалды. №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасында бас қосқан мамандар алғаш рет өт жолдарының дамуындағы ақауларды жою бойынша хирургиялық емнің жаңа түрін қолданды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Екі ел арасындағы мұндай байланыс дәрігерлердің біліктілігін арттырып, тәжірибесін шыңдай түспек.
Құрсақ қуысындағы үлкен көлемдегі ісікті жою лапороскопиялық жолмен жасалды. Бұл отаның ерекшелігі де сол – кішігірім тілімдер арқылы өт өзегіндегі кінаратты алып тастайды. Операцияның бұл түрі Ресейде де өте сирек жасалады екен. Алматыда тіпті, бірінші рет жасалып, хирург мамандарға шеберлік саныбы ұйымдастырылды.
«Біз шеберлік сағаттарын өткізу үшін осында арнайы келдік. Алматылық дәрігерлер бұл отаның қалай жасалатынын көріп, тәжирибе жинақтауы керек. Болашақта мұндай сирек жасалатын операциялардың саны артуы керек. Құрсақ қуысын арнайы жабдық арқылы көріп тұрып, кішкентай тіліктер арқылы мұндағы ісікті жоямыз. Бұл, әрине, біраз уақыт алады», – деді ресейлік хирург Юрий СОКОЛОВ.
16 жасар жасөспірімге бірегей ота мына бөлмеде жасалды. Асқан жауапкершілік пен мұқияттылықты талап ететін отаны Ресейдің білікті мамандары отандық хирургтермен бірге жасады.
Іш ауруын сезінген жасөспірімге өт жолдарының дамуында ақау бар деген диагноз қойылды. Отаның лапороскопиялық әдіспен жасалуының тағы бір артықшылығы – науқас операциядан кейін тез қалпына келеді.
«Науқастың реабилитациясы тез жүреді. Бұл құрылғымен орындалатын операцияларда науқас 2-3 күннің ішінде орнынан тұрып, тез сауығып кетеді. Тіпті, отаның қаншалықты сәтті өтуіне байланысты оны 1-2 аптаның ішінде ауруанадан уйіне шығаруға болады», – деді ресейлік хирург Юрий СОКОЛОВ.
Ресеймен ынтымақтсатық шеңберінде өткізілген мұндай шеберлік сағатының арқасында болашақ дәрігерлер білімдерін толықтырып, тәжірибе жинақтауға мүмкіндік алады. Көрші елден келген мамандар еліміздің бірқатар қалаларында осындай шаралар өткізуді жоспарлап отыр.
Сая Меңдеке, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы