|
30.11.2023 | 15:22
3584

Беті жансызданып қалды: зардап шеккен аналар орталықтың қаржыны қайтаруын талап етіп отыр

Отаны ұйымдастырған компания басшысы «алдымен ата-ана жауапкершілік алуы тиіс» дейді

Беті жансызданып қалды: зардап шеккен аналар орталықтың қаржыны қайтаруын талап етіп отыр Almaty.tv

16 мың долларға ота жасатып, баласының жарты беті жансызданып қалған ата-аналар үнділік дәрігерді шақырып берген компанияның жазаға тартылуын қалайды. Олар құлақ мүкістігіне операция жасатуы үшін ел-жұрттан ақша жинап, қазақстандық компанияға жүгінген.

Отадан опық жедім деген Ольга Осипова осыдан екі жыл бұрын 5 жасар баласының құлақ саңылауына операция жасатқан. Туғаннан құлақ сүйегінің бітеулігі бар ұлының сәтсіз отадан соң жағдайы одан бетер нашарлап кеткенін айтады. Астанадағы клиникалардың бірінде орналасқан медициналық орталықтың рұқсат құжаты да жоқ екен. Бірақ оны кейін білген.

– Баламның бетін тілгілеп тастап, бір-ақ күнде клиникадан шығарып жіберді. Ал отандық медициналық туризммен айналысатын 2 азамат үндістандық дәрігерді жарнамалап, тауып берді. Отадан соң не жауапты компания, не дәрігерлер жағдай сұрамады, – деді баланың анасы Ольга Осипова.

Сол күні бес жасар науқастың құлағына ота жасалып жатыр деп видеолар жіберіп, ата-анасын сендірген. Алайда дәл сол кадрды басқа да науқастардың жақындарына жібергенін білген. Шағымданушының айтуыншы, үнді дәрігерінің қолынан зардап шеккендер саны артқан. Қазір олар бірігіп жоғарғы сотқа арыз берген екен.

– Үш баланың ата-анасы жүгінген. Өткен жылы тағы да бір баланың ата-анасы осындай шағыммен жүгінген. Одан да басқа ата-аналар туралы білемін. Бұл Үндістан елінен келген дәрігер ҚР заңнамасына сәйкес елдегі кез келген медициналық көмек көрсету үшін рұқсат алуы міндетті. Бірақ ешқандай да рұқсаты болмаған. Оны шет елден шақырған дәрігерде де лицензия жоқ. Біз 110 балаға ота жасағаны белгілі, – деді заңгер Жандос Мырзаев.

– Ота кезінде бет бөлігінің жіңішке тамырын кесіп кеткен. Операциядан кейін баламның жарты беті істемей қалды. Біз не тамақ, не су іше алмадық. Он ай емделдік, сонда да баламның беті қалпына келмей жатыр. Отаны 2022 жылы 5 маусымда жасады, – дейді зардап шегуші Альбина Ғаббасова.

Ал отаны ұйымдастырған компания басшысы «алдымен ата-ана жауапкершілік алуы тиіс» дейді. Сонымен қатар өзіне тағылған айыппен келіспейді. Алайда үндістандық дәрігердің лицензиясыз жұмыс істегенін растап отыр. Ол үшін айыппұл төлегенін де мойындайды.

– Біріншіден, ата-аналар өз баласының денсаулығына салғырт қараған. Сол кезде отаға көңілі толмаса, айтуы керек еді. Екі-үш жылдан кейін арыз жазып отыр. Ал «баласының бетінің бір жақ бөлігіне зақым келді» деген ата-анаға айтарым, ол мүмкін емес. Өйткені дәрігер нейромониторды қолданып ота жасады. Ол қан тамырларын байқамай қалуы мүмкін емес. Бірақ бәрі аяқ асты ғой, кездейсоқ қиындықтарды ешкім алдын ала білмейді. Ал үнді дәрігері екі жылдан бері Қазақстанда ота жасамайды. Ол қазір Дубайда , – деді отаны ұйымдастырушы Малика Сұлтан.

Медициналық орталық осы уақытқа дейін Астана қаласында жұмыс істеп келген. Халыққа және басқа да порталмен келген азаматтарға медициналық қызмет көрсетіліп жатыр. Сондықтан ол мекеменің не жақсы, не жаман екеніне баға бере алмаймын. Бізге түскен арыз шеңберінде біз тексеріс жүргіземіз. Егер де ауытқулар болса, материалдар полицияға жолданады.  Ал орталықта лицензия болмаған – деді ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің басшысы Дархан Тұрлыбеков.

Арызданушылар аталған компания төлеген ақшаны қайтаруын талап етті. Өйткені бұған дейін де дәл осы компаниядан зардап шеккендер сот арқылы ақшасын кері алғанын естіпті.

Әлібек Шынтемір, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Мені соққыға жықты: пансионатта тағы шу шықты


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир