СҚО-да туберкулезге шалдыққандар саны артты

СҚО-да туберкулезге шалдыққандар саны артты
Індеттен 12 адам қайтыс болды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Солтүстік Қазақстанда туберкулезбен ауырып жатқандар саны көбейген. Статистикаға сәйкес, 9 айдың өзінде бұл дертке шалдыққандар 29 пайыз артқан. Індеттен 12 адам қайтыс болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

37 жастағы Гузаль Жакулинаның туберкулезге шалдыққанына 5 ай болыпты. Көпбалалы ана сегіз айлық баласын үйде қалдырып, дертіне ем іздеп келген. Тамыз айынан бастап дәрігерлердің қарауында жүрген әйел қазір жағдайының жақсарғанын айтады.

«Өмірім бітті» деп ойладым да, балалармен қоштасып, келдім. Бірінші жыладым да, күлдім да. Жөтелдім, тынысым тарылып, жүре алмай қаламын, сатымен көтеріле алмайтынмын, екінші қабатқа жүре алмайтынмын», – деді емделуші Гузаль Жакулина

Айгүл Қаббасова да - облыстық фтизиопульмонология орталығында ем қабылдап жатқандардың бірі. 40 жастағы науқас аурудан құлан-таза айығып кететініне сенімді.

«Мен туберкулезге шалдыққанымды қыркүйек айында білдім. Жөтелдім, температурам көтерілді, ентігіп, тез шаршай бастадым. Кейін дереу емханаға бардым. Бұл ауруды қалай жұқтырғанымды білмеймін. Басында қорқыныш болды. Мұнда бізбен психолог жұмыс істейді. Бұл қатерлі ісік емес қой, өлімге әкелмейді. Біз бәріміз сауығып кетеміз, барлығы жақсы болатынына сенемін», – деді емделуші Айгүл Қаббасова.

2022 жылы есепке 162 науқас алыныпты. Оның ішінде жасөспірімдер де бар. Дәрігерлер аурудың күрт өсу себебін келесідей түсіндірді.

«Туберкулез ауруы коронавируспен ауырған адамдарда көп кездесті. Олардың имуно системасы төмендеуі мүмкін. Туберкулез жұқпалы ауру. Ауа тамшысы арқылы, ауа тозаңды жол арқылы науқас адамнан сау адамға жұғады. Былтырғы жылмен салыстырғандакөрсеткіш көтерілді», – деді Фтизиопульмонология орталығы бөлімшесінің меңгерушісі Кенжегүл Әріпова.

Дәрігерлер ауруды ерте кезеңде анықтаса, туберкулезден тезірек емделуге болатынын ескертеді. Аурудың белгілерін байқаған жағдайда дереу медицина қызметкерлеріне көрінген жөн.

Нұргүл Алина, Жұлдызбек Ермұқанов, «Алматы» телеарнасы, СҚО-дан

Новости партнеров