|
06.03.2020 | 19:16
6324

Ерекше балалардың денсаулығын жақсартуда қысқы спорттың қандай пайдасы бар

Шаһар басшылығының тапсырмасымен жүзеге асырылған қысқы байқау қандай нәтиже берді?

Ерекше балалардың денсаулығын жақсартуда қысқы спорттың қандай пайдасы бар zhasorken.kz

Алматыда дамуында ауытқуы бар балаларға ерекше қолдау көрсетілуде. 4 жас пен 25 жас аралығындағы жас алматылықтар қысқы спортпен шұғылдану арқылы денсаулығын біршама жақсартуына мүмкіндік туып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Осы орайда, шаһар басшылығының тапсырмасымен жүзеге асырылған қысқы байқау қандай нәтиже берді?

2018 жылдан бастап «Пионер» отбасылық тау курортында аутизм, церебральды сал ауруы, даун синдромы, ақыл-есінің дамуы тежелген, көру қабілеті мен есту қабілеті нашар балалар қысқы спорт түріне жаттығуда. Бүгін осы жылғы қысқы байқау өз мәресіне жетіп, жақсы көрсеткішке ие болған жас бүлдіршіндер марапатталды. Спорттық терапия алушылардың ата-аналары балапандарының денсаулығы біршама жақсарғанын байқаған.

«Былтыр ең алғаш рет осы жерде аяғына тұрды. Басында инструктор оны қолында көтеріп жүрді. Жай ғана сырғанап, түсіп жүрді. Осы жердің ауасына байланысты аяғына тұрды. Ал, биыл енді тек қана қолынан, бір қолынан жетектеп қана сырғанатып жүрді. Өздігінен сырғанай алмайды, бірақ қолынан жетектеп сырғанатқанның өзі бізге үлкен еңбек, үлкен жеңіс», – деді байқауға қатысушының анасы Әйгерім БӨЛЕКБАЕВА

«Біздің жұмысымыз – балалардың денсаулығына өте пайдалы эффект беріп жатыр. Мысалы, былтыр менде болған қыз қазіргі кезде аяққа тұрды. Аутизммен науқас балалардың ұйқысы, мінезі, сабақта үлгерімі жақсарады. Жалпы біз үлкен жұмыс жасап жатырмыз деп ойлаймын», – деді  нұсқаушы Дамир АКАСОВ.

Шаңғымен жаттығу бағдарламасына қатысқан ақыл есінде ауытқуы бар 400-ге жуық алматылық арнайы нұсқаушылардың тегін көмегіне ие болған.

Дамуында ауытқуы бар балаларды нұсқаушылар ең алдымен киіндіруге көмектесіп, кейін шаңғыға тұрғызып, қолдарынан жетектеу арқылы жаттықтырады. Ал, тым ерекше күтімді қажет ететін балаларды тіпті қолдарына көтеру арқылы сырғанауға үйретеді. Осылайша, 10 күнге арналған бұл спорттық бағдарлама аутизммен ауыратын балалардың дамуында оң нәтиже көрсетуде.

Аталмыш бағдарлама тәжірибе негізінде бүлдіршіндердің денсаулығына  оң әсерін тигізіп, тіпті кейбір ауруларынан айыға бастаған. Емдік курстан кейін балаларға кез келген жаттығуға бейімделу әлдеқайда оңай болады дейді ұйымдастырушылар.

«Екі жылдың көлемінде біз көптеген науқас балалар үшін тегін спортпен айналысуды қолжетімді еттік. Жас бүлдіршіндерден бастап ересек жасқа дейінгі азаматтар қысқы уақытта 3 ай бойы шаңғы мен сноуборд тепті. Енді жазда емдік курсты созу мақсатында басқа форматта байқауларды да ұйымдастырмақпыз», – деді Отбасылық тау курортының директоры Жанат ҚАРАТАЙ.

Жақсы көрсеткіш шығарған бағдарлама жаз айларында да жалғасын таппақ. Алдағы уақытта ұйымдастырушылар роликпен сырғанау, велосипедпен жарысу секілді жазғы бейімделу лагерьлерін ашуды да жоспарлап отыр.

Аяулым Көлжігіт, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеаранасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир