|
22.05.2024 | 19:28
1885

Kazdentexpo: Алматыда стоматологиялық жабдықтар көрмесі өтті

Көрмеге Kids Stom стоматологиялық емханасы демеушілік жасаған

Kazdentexpo: Алматыда стоматологиялық жабдықтар көрмесі өтті Almaty.tv

Алматыда өткен Kazdentexpo көрмесінде 100-ге жуық компания стоматологиялық қызмет түрлері мен соңғы үлгідегі жабдықтарын ұсынды. Жиналғандар емдеуге қолданылатын заманауи технологиялар мен тың әдістерді тамашалауға мүмкіндік алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Елдегі Kazdentexpo алғашқы мамандандырылған стоматологиялық форумының ауқымы жылдан-жылға кеңейіп келеді. Саладағы инновациялық өнімдер ұсынылатын алаңда жүзге жуық компания бас қосады. Бүгін Орта Азия мемлекеттерінің тіс дәрігерлері өнімдерін таныстырып, заманауи стоматологиялық технология бойынша семинар өткізді. Ұйымдастырушылар «көрме серіктестер табуға ғана емес, тұтынушылардың назарын аудартуға мол мүмкіндік береді» дейді.

– Биыл 17-көрмені өткізіп отырмыз. Оның басты мақсаты – тіс дәрігерлерін біріктіріп, стоматологияда ұсынылатын қызметті кеңейту және елімізде бұл бағытты дамыту, – деді Kazdentexpo халықаралық мамандандырылған көрмесінің ұйымдастырушысы Дәулет Оразбек.

Көрмеге балалар тістерінің саулығы мен эстетикалық көрінісін жақсарту бойынша толық қызмет кешенін ұсынатын Kids Stom стоматологиялық емханасы демеушілік жасаған. Бүлдіршіндердің сүт тістеріне цирконий тіс сауытын жасауды алғаш болып бастаған клиника өнімдерін таныстырды.

– Көрмеде цирконий диоксидінен жасалған балалар тіс сауытын ұсынып отырмыз. Себебі, Қазақстанда 3 жасқа дейінгі балалардың тістерінің зақымдануы жиілеп барады. Сондықтан емнің эстетикалық тұрғыда жүруі үшін ауыз қуысымен биоүйлесімді цирконий диоксиді бар тіс сауытын ойлап таптық, – деді Kids stom клиникасының бас дәрігері Ақтілек Қалиева.

– Біз демеуші бола бермейміз. Бұл – алғашқы қадамның бірі. Алда Қазақстанда ғана емес, басқа да көрмелерге қатысуды жоспарлап отырмыз. Заман ағымына ілесіп, мамандарды дамыту үшін мұндай іс-шараларға қолдау білдіру маңызды, – деді  «Цифрлық стоматология орталығы & Kids stom» стоматологиялық клиникаларының негізін қалаушы Еділ Еркімбаев.

Көрме 17 жылдан бері үздік кәсіби алаңдарда өткізіліп келеді. Kazdentexpo көрмесі жылына екі рет, яғни мамырда Алматыда, қыркүйекте Шымкентте өтуі дәстүрге айналған.

Жансая Олжабек, Аида Иманәлі, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир