ЖРВИ: Алматыда эпидемиологиялық жағдай қалай

Almaty.ty
Almaty.ty
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда 5 айдың ішінде 62 бала көкжөтелмен ауырған. Бұл туралы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіндегілер мәлімдеді. Мамандардың айтуынша, дерт жұқтырғандардың бәрі – 14 жасқа дейінгі екпе алмаған балалар. Жеткіншектер байланыста болған 334 адам тексеріліп, олардың дерт жұқтырмағаны анықталды. Қалада жіті респираторлық вирустар бойынша эпидемиологиялық ахуал қандай? Қанша жағдай тіркелді? Осы және өзге сұрақтарға «Алматы» телеарнасының студия қонағы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бөлімінің басшысы Алмаш Ахметова жауап береді.

– Алмаш Сәрсембайқызы, кеш жарық! Шаһардағы эпидахуалға тоқталып өтсеңіз.

– Алматы қаласында өткен 21-аптада жіті респираторлық вирус бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Өткен аптада жіті респираторлық вирустық инфекцияның 10 мың 714 жағдайы тіркелді. Бұл оның 100 мың тұрғынға шаққанда көрсеткіш 480,7-ні құрады. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 16 пайызға төмен. Алдыңғы аптамен салыстырғанда көрсеткіш өзгерген жоқ.  Жіті респираторлық вирустық инфекциямен ауырғандардың көбі, 61 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар арасында тіркеледі. Эпидмаусым сәуірдің аяғында аяқталды. Бірақ вирустық инфекция жыл бойы айналымда жүреді. Өткен қыс-күз айларында, көктемге дейінгі мезгілде тұмау вирусының типтері айналымда болды. Сонымен қатар мамырда коронавирустық инфекцияның 3 жағдайы ересектер арасында тіркелді. Ал енді осы 1-10 маусым аралығында коронавирустық инфекцияның нақтыланған жағдайы тіркелмеді.

– Бұл вирустардың белгілері қандай? Бір-бірінен қалай ажыратуға болады?

– Егер салыстыратын болсақ, жіті респираторлық вирустық инфекциялар мен коронавирустық инфекцияның белгілері алғашқы кезде өте ұқсас келеді. Сол кезде адамдар шатастырып алуы мүмкін. Айырмашылығын айтатын болсақ, жіті респираторлық вирустық инфекцияның инкубациялық кезеңі аз, 2-3 күнде ауру пайда болады, тез арада ауырып қалады. Ал коронавирустық инфекцияның инкубациялық кезеңі 14 күнге дейін созылуы мүмкін. Негізінде жіті респираторлық вирустық инфекциялар мамырда да айналымда болды. Эпидахуалды бақылауда оң нәтиже берген он сынама анықталды. Олардың ішінде риновирус, аденовирус, парагрипп вирустары мамырда айналымда болды. Мамырда естеріңізде болса, жауын-шашын көбірек болды, сол себепті салқын тигізіп, ауру жұқтырғандар да болуы мүмкін.

Оқи отырыңыз: Қарағандыда 6 айлық бала көкжөтелден шетінеп кетті

Новости партнеров