Алматы әкімдігі 120 адамға резидентура грантын тағайындады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Медицина саласында еңбек етіп жүрген немесе жаңа ғана оқуын аяқтаған болашақ дәрігерлер бұған дейін мемлекеттік грант конкурсына қатысқан еді. Арнайы мамандандырылған білім беру бағдарламасына сәйкес олар резидентурада оқуы тиіс. Сондықтан негізгі грант бұйырмаған мамандарды қалалық әкімдік қолдап, байқау негізінде 284 үміткерден үздік деген 120 адамға арнайы стипендия тағайындап отыр.
«2 жыл көлемінде біз қалалық гранттың көмегімен тегін стипендия алып оққуға мүмкіндігіміз болады. Ал ақылы түрде оқитын болсақ, 1 млн 200 мың - 1 млн 500 мың ақша төлеуіміз керек болатын еді», – деді студент Ғабит Біләл.
«Сайтта бізге 4 грант бөлінгені туралы ақпарат шықты. Бағымды сынап көрейін дедім. Әкімдікке бізге берген мүмкіндігі үшін алғыс айтқым келеді», – деді студент Гауһар Мұхитқызы.
«Негізгі госзаказдан айырмашылығы жоқ. Тек қана Алматы қаласында 5 жыл жұмыс жасайсың өз мамандығың бойынша, одан кейін ауысуға болады», – деді студент Гүлжауһар Мұртаза.
Бағдарламаның бірқатар талабы бар. Бастысы – тиісті мамандық бойынша жұмыс істейтін резидентпен үш жақты шарттың жасалуы. Ал гранттар қалалық әкімдік талап ететін клиникалық мамандықтарға бөлінеді. Бес жылдық жоспар аясында жыл сайын грант саны да артпақ.
«2023 жылы 130 резидентура, 10 магистратура дайындауға, ары қарай 140-120, 2025 жылға дейін грант санын ұлғайтамыз. Бүгінгі күні арнайы дайындалған дәрігерлер тапшылығын толық жабуға мүмкіндік бар деп ойлаймыз», – деді Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жанындағы білім гранттарын тағайындау комиссиясының хатшысы Ақмира Садықова.
Грантқа ие болғандардың басым бөлігі – медицинада еңбек етіп жүрген мамандар. Комиссия өкілдерінің басты мақсаты – сол бастаманы қолдап, нақты бір салаға бейімделген, жоғары білікті дәрігерлерді дайындау.
Аталған жоба аясында резиденттер көбіне анестезиология мен реаниматологияны таңдап отыр. Екінші орында жұқпалы аурулар мен педиатрия мамандығы тұр. Жалпы қалалық әкімдік бөлген грант Алматыдағы арнайы мамандандырылған дәрігер тапшылығын жою мақсатында іске асып жатқанын айта кеткен жөн.
Мадина Оқас, Ернат Болатбек, «Алматы телеарнасы
Грантқа иегерлерінің тізімі: