Дамыған заманда жұлынған саусақты да қалпына келтіреді. Алматылық дәрігерлер осыған дейін бірде де бір кішкентай балаға жасалмаған отаны сәтті аяқтады. Ойнап жүріп мертіккен бүлдіршінді шолақ болудан сақтап қалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
9 жастағы Қайсар сол күні ойнауға кетіп, екі кештің ортасында үйіне сұмдық жарақатпен оралады. Ол көршінің контейнеріне шығамын деп құлап, сол сәтте бір қолымен дарбазаға ілініп қалады. Қаңылтыр саусағын қиып түскен.
«Кешкі сағат 6:30-да ауызашарға кеткелі жатқанбыз. Кенеттен көршілер жүгіріп келіп, баламның құлағанын айтты. Басында жырып кеткен шығар деп ойладым. Ауруханаға апарып, саусағын көрген кезде мен өзімді ұстай алмадым», – деді Қайсардың анасы Ақмарал Жолсейітова.
Жарақат алған бала жедел жәрдеммен №2 қалалық клиникалық балалар ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлердің айтуынша, сол сәтте науқастың үзілген саусағы тері мен жіңішке тамыр арқылы әрең жалғанып тұрған.
«Балаға бірден ота жасау туралы шешімге келдік. Менен бөлек, 2 микрохирург келді. Ота 5 сағатқа созылды. Саусақты кесіп тастамай, қалпына келтірдік», – деді №2 қалалық клиникалық балалар ауруханасының Травматология және ортопедия бөлімшесінің меңгерушісі Ерлан Садырбалин.
Бала қазір өзін жақсы сезінетінін айтты. Дәрігерлердің айтуынша, жараланған саусақ жарты жылдай уақытта толық жазылады. Айта кетсек, кішкентай балаға мұндай ота ел бойынша бірінші рет жасалып отыр.
Оразай Нұртайұлы, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы