|
23.12.2019 | 19:49
9047

Қазақстанда екпе жасау міндеттеліп, адам ағзасын шетелге шығаруға рұқсат етілуі мүмкін

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» жаңа Кодекс көптеген өзгерістерді қарастырады

Қазақстанда екпе жасау міндеттеліп, адам ағзасын шетелге шығаруға рұқсат етілуі мүмкін

Бүгін «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс бойынша елордада қоғамдық тыңдау өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Алайда WhatsApp желісінде белгісіз белсенділерден аталған Кодексті Парламенттен қайтару жөнінде петицияға қол қою туралы хабарлама тараған. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мемлекеттік орган қызметкерлері мен қоғам белсенділерін жинап, заңның тиімділігін бүге-шүгесіне дейін түсіндіруге тырысты. Бірақ басқосу соңы шуға ұласты.

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» жаңа Кодекс көптеген өзгерістерді қарастырады. Алайда оның кейбір тұстары әлеуметтік желілерде қызу талқылауға ұласып, халық арасында түсінбеушілік тудырды. Әсіресе, балаларға екпе жасау міндеттелетіні бұқараның ашуын шақырды. Әйтес де, вакцинация көптеген ауруларға қарсы ең тиімді алдын алу болып табылады. Бұл статистикамен дәлелденген, дейді дәрігерлер. Мысалы, жыл басынан бері Қазақстанда қызылшадан көз жұмған 20-дан астам бала екпе алмаған болып шықты.

«2016 жылы менингакок инфекциясының тарағаны естеріңізде болап. 15 өлім жағдайы тіркелді. Ал оған қарсы екпе бар. Сол кезде көптеген адамдар бұл екпені іздеуге кірісті. Екпе бізге дұрыс нәтиже берді. Бір кездері біздің елде гепатит Б өте көп болды. Алайда екпе жасау жүйесін енгізгелі ауру 40 есеге азайды», - дейді ҚР ДСМ Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Жандарбек БЕКШИН.

Бұл пікірмен жиналғандар келіспеді. Екпе жасуды міндеттеу дұрыс емес деп санайтындар табылды. Оған айғақтары да бар. Мысалы мына келіншектің 9 айлық баласы қызылшаға қарсы екпе жасатқан соң көз жұмған.  

«Неге менің балам екпе салған соң тура бір аптадан кейін көз жұмағанын білгім келеді. Неге екпе салдыруға мәжбүрлейді? Бір ай бұрын күнде қоңырау шалып, екпені салдыру міндетті екенін айта берді. Соған сеніп едім, енді не болды? Мен барлық аналарды осы нәрсеге сергек қарауға шақырамын.  Мен мәжбүрлі екпеге қарсымын», - деді ол. 

Айта кетейік, елімізде екпе сатып алу үшін жылына 25 млрд. теңге қаржы бөлінеді. Сондай-ақ қоғамдық тыңдау барысында трансплантация туралы да айтылды. Бүгінгі күні шамамен 3 мың адам бүйрек ауыстыруға мұқтаж, 500-ге жуық науқастың бауыры трансплантациялауды қажет етеді. Жүрек, өкпе секілді органдарын ауыстырғысы келетіндер де аз емес.

 «Кодекс 10 жылдан бері жілік майын әкелуге ғана емес, сонымен қатар оны шетелге шығаруға мүмкіндік беретін норманы қамтиды. Бұл халықаралық тіркелімдер мен алмасудың негізгі принципі. Мен осы 10 жыл ішінде қазақстандықтардың жілік майы шетелдіктерге сауығуға көмектеспегенін айтқым келеді. Бірақ шетелдіктердің жілік майы біздің азаматтарымыздың өмірін үш рет құтқарды»,  - деді «Қазақстандық гематолог дәрігерлер қоғамы» РҚБ президенті Ирина ПИВОВАРОВА.

Бір сөзбен айтқанда, жаңа заң жобасы қайтыс болған адамдардың органдарымен алмасуға мүмкіндік береді. Алайда, бұл норманың енгізілетіні жұртшылықты қуантпады. WhatsApp әлеуметтік желісінде Парламенттен жаңа кодексті қайтарып алу туралы петицияға қол қою жөнінде хабарлама белсенді түрде таратылды.  «Біз барлық пікірлерді естідік. Бірақ бұл біз райымыздан қайтамыз дегенді білдірмейді. Біз өз ұстанымымызды талап етеміз. Бірақ айтылған пікірлерді ескере отырып, дауыс беру арқылы қабылданады. Сол себепті депутаттар естісін деген мақсат болды», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ.

Денсаулық сақтау министрі келесі жылдың қаңтарында қайтадан Қоғамдық тыңдаулар өткізуге уәде берді. Жаңа Кодекс бірнеше рет қаралады. Билікті жұртшылық ести ме, ол жағы уақыттың еншісінде Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир