Алматыда денсаулық саласының мамандары марапатталды. Бүгін қала әкімі Бақытжан Сағынтаев жүгі ауыр, жауапкершілігі мол дәрігерлерді кәсіби мерекесімен құттықтады. Медицина қызметкерлерімен онлайн-кездесу өткізген шаһар басшысы мегаполистің барлық медицина қызметкерлеріне алғыс сөзін жеткізді. Қала басшысы коронавируспен күресте еңбек етіп жүрген екі мыңнан астам дәрігердің ерен еңбегін ерекше бағалады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жылда дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын кәсіби байқау биыл мамандықтың үздігін анықтайтын 13 номинация бойынша өтті. Үздік дәрігер, үздік инфекционист, емхана мен жедел жәрдемнің үздік дәрігері номинациялары бойынша білікті мамандардың еңбегі бағаланды. 5 медицина қызметкері «Еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
«Ауырып жатқан науқастармен емдейміз. Соған байланысты еңбегіміз еленуде. Біз соған өте қуаныштымыз, рахметімізді айтамыз. Төл мерекемізбен әріптестерімізді, аурумен күресуде алдыңғы қатарда жүрген дәрігерлерге үйіне аман-есен оралсын деймін және осы індетті жеңіп шығуына тілектеспін», – деді қалалық Жұқпалы аурулардың клиникалық балалар ауруханасының 8-бөлімше меңгерушісі Қарлығаш Әбдірахманова.
Одан бөлек, қалаға сіңірген зор еңбегі үшін бірқатар медицина қызметкерлері қала әкімінің алғыс хатын иеленсе, енді біріне денсаулық сақтау үздігі төсбелгісі тағылды.
«Мерекеге байланысты біздің еңбегімізді бағалап, марапаттап жатыр. Менің ойымша, әріптестерімнің бәрі осындай марапатқа лайық. Өте қуаныштымыз», – деді қалалық Жұқпалы аурулардың клиникалық балалар ауруханасы 4-бөлімше меңгерушісі Әсем Құлманова.
Соңғы 1 жыл ішінде Алматыда денсаулық сақтаудың 5 нысаны іске қосылды. Оның ішінде жедел жәрдемнің 2 қосалқы станциясы мен психикалық сауықтыру орталығының қалалық корпусы бар. Одан бөлек, қалада 10 дәрігерлік амбулатория ашылды. Бұл ретте медицина қызметкерлерін «Алматы» арнасының ұжымы да құттықтайды. Осындай қиын-қыстау кезде коронавирус індетімен күрес жүргізіп келе жатқан дәрігерлерге шыдамдылық пен төзімділік тілейміз.
Сая Меңдеке, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» арнасы