Сәуірден бастап МӘМС аясында дәрі-дәрмектер тегін беріле бастайды

stan.kz
stan.kz
Дәрігерлер жүйе ене сала, жұмыс жеңілдегенін: кезектің азайып, пациенттерге қызмет көрсету сапасы реттелгенін айтуда
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бағдарламасы аясында сәуір айынан бастап пациенттерге тегін дәрі-дәрмектер беріле бастайды. Яғни тұмау, конъюктивит, фарингит, бронхит және тері аурулары сынды сырқаттарды емдеу үшін препараттар халыққа қолжетімді болмақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Биылдан бастап еліміздің барлық азаматтары медициналық сақтандыру жүйесі арқылы тегін дәрігерлік көмек ала бастады. Наурызбай ауданына қарасты №27 қалалық емхана да 17 мыңға жуық тұрғынға медициналық қызмет көрсетеді. Ақ халаттылар жүйе ене сала, жұмыстың жеңілдегенін, кезектің азайып, пациенттерге қызмет көрсету сапасы реттелгенін алға тартады.

«Бүгінде барлық қызметтерді көрсетіп жатырмыз. Ең бастысы пациенттің қолында қандай да бір тексеруден өтуі керек деген салалық дәрігердің шешімі болса біз бірден керекті зерттеуді алуға жіберіп отырамыз. Бүгінде біз сондай қымбат қызметтер көрсететін 5 ұйыммен келісімге отырдық», - деді № 27 қалалық емхананың бас дәрігері Жанна ИМАНБЕКОВА.

Мәселен бұған дейін қымбат диагностикалық зертханаларды тегін түрде тек жүкті әйелдер, зейнеткерлер, мүгедектер мен балалар ғана алған болса, енді мұндай күрделі қызметтер барлық азаматтар үшін тегін. Алайда ондай көмектерді алу үшін азаматтар сақтандырылған болуы керек.

«Маған барлық қызметтер көрсетіледі. Тегін дәрілерін жаңағы маған арнап жазған дәрілерін уақытысында алып тұрамын. МРТ-ға да түстім. Кемпірім де направлениемен тегін түстік», - деді Тілеуқұл ЖУАСБЕК.

Жалпы сақтандыру жүйесінде екі қызмет пакеттері қарастырылған. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі пакетіне: сақтандыру жүйесіне қатысу-қатыспауына қарамастан әрбір қазақстандыққа колжетімді дәрігерлік қызметтер енеді. Яғни: жедел жәрдем және санитарлық авиация, бастапқы медициналық, шұғыл стационарлық көмектер және паллиативтік қызметтер бар. Ал сақтандырылған азаматтар пакетіне: консультациялық-диагностикалық, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, күндізгі және жоспарлы стационар, оңалту және қалпына келтіруге арналған ем-домдар кіреді.

«Осы бағдарламаға дейінгі уақытта бізде дәрі алмайтын. Ал қазіргі уақытта осы әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша осы аурудар бойынша міндетті түрде олар өздері дәрілерді тегін алуына болады. Сәуір айынан енгеннен бастап пациенттеріміз өздері қолдана алады», - деді № 27 қалалық емхананың бөлім меңгерушісі Айгүл ҚЫЗЫРБЕКОВА.

Өзіңіздің сақтандыру жүйесінде тіркелгеніңізді анықтау үшін egov.kz, халыққа қызмет көрсету орталықтарынан немесе емханаңыздан өз мәртебеңізді анықтауға болады. Егер сіз жеңілдігі бар азаматтар санатына жататын болсаңыз сіз үшін мемлекет жарна төлейді. Ал қарапайым жұмысшы болсаңыз, айлық табысыңыздың 1% қорға аударылып отырады.

Назкен Еркін, Валерий Таубалдиев «Алматы» телеарнасы.

Новости партнеров