Қазақстан медицинасы: 35 жылда қандай өзгерістер болды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Еліміз тәуелсіздік алғалы медицина саласында айтарлықтай оң өзгерістер болды. Бұрын күрделі саналатын аурулар бүгінде заманауи жабдықтардың көмегімен ерте анықталып, бұрын қолжетімсіз болған операциялар жасалып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Тіпті дертке шипа іздеп шетел асатындардың қатары да азайған. Себебі күрделі оталарды жасауға отандық дәрігерлердің де мүмкіндігі жетеді. Тәуелсіздік алған 35 жылда Қазақстан медицинасы қандай деңгейге көтерілді? 

Осыдан 35 жыл бұрын мұндай технологиялар қолжетімді болған жоқ. Диагноз қою да, операция жасау да дәрігерден үлкен тәжірибе мен шеберлікті талап ететін. Ал бүгінде заманауи аппараттар мен цифрлық технологиялар медицинаның мүмкіндігін кеңейтіп, күрделі оталарды жасауға жол ашты.

Бұрын медицинаның материалдық-техникалық базасы ескіріп, емдеуге қажетті құрал-жабдықтар тапшы болды. Алайда жылдар өте сала жаңа технологиялармен толығып, оның игілігін науқастар көріп келеді. Әсіресе технологиялық жаңалықтар жүрек хирургиясының дамуына серпін берді. Мәселен, бұрын жүрекке күрделі ота жасау үшін кеуде қуысын ашып, бірнеше сағатқа созылатын операция жүргізілетін. Ал қазір заманауи 3D құралдардың көмегімен кейбір күрделі оталарды тамыр арқылы, яғни ағзаны ашпай-ақ жасауға мүмкіндік бар.

«WPW синдромын, мысалы, 80–90-жылдары үлкен ашық операция арқылы емдейтін. Қазір жарты сағаттың ішінде тамыр арқылы барып, оның қай жерде орналасқанын анықтап, бір-екі минуттың ішінде катетерлік абляцияның көмегімен науқасты толық емдеп шығаруға мүмкіндік бар. Бүгінгі Қазақстандағы кардиология, кардиохирургия, аритмологияның деңгейі әлемдік деңгейге жетті деп толық сеніммен айтуға болады», – деді А.Н. Сызғанов атындағы ҰҒХО бөлім меңгерушісі Әділ Баимбетов.

Отандық медицинаның тағы бір жетістігі – бұрын шетелде ғана қолжетімді болған күрделі емдеу әдістерінің елімізде енгізілуі. Мәселен, жүректің туа біткен ақауларын емдеу, онкологиялық операциялар мен ағза трансплантациясы бағыттарында жаңа мүмкіндіктер пайда болды. Соның нәтижесінде қазақстандықтар ем алу үшін шетел асуға мәжбүр емес. Қазір жоғары технологиялық операциялардың бірқатары елімізде жасалып, азаматтарға тегін медициналық көмек аясында көрсетіледі.

«Ондаған жыл бұрын жүрек ырғағын тек дәрінің көмегімен уақытша қалыпқа келтіретін. Қазір жүрек ырғағының бұзылыстарын, жүрекшелер фибрилляциясын, тахикардияларды, яғни аритмия ошағын анықтап, катетердің көмегімен күйдіреміз. Радиожиілікті абляция, криоабляция немесе электрөрістік абляция әдістерін қолданамыз. Аритмия ошағын жойғаннан кейін науқастар дәріге тәуелді болмай, толыққанды, сапалы өмір сүре алады», – деді А.Н. Сызғанов атындағы ҰҒХО Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Кенжебек Бижанов.

Медицинаның дамуын емделушілер де байқап отыр. Қазір тіпті кішкентай балаларға да күрделі медициналық құрылғылар орнатылып, қажетті ем-дом жасалады.

«Медицина жетілген екен, шырағым. Мына көрші палатада бір жасар балаға осындай стимулятор салғанын көріп, мен риза болдым. Бір жасар балаға. Мінекей, медицинаның жетілгенін өзіміз соның пайдасын көріп отырғаннан кейін айтып отырмын», – деді Қызылорда облысының тұрғыны Сәндібек Қалдыбаев.

35 жылда отандық медицина жаңа даму кезеңіне қадам басты. Технология жаңарып, емдеу тәсілдері көбейді. Ал бұл өзгерістердің түпкі мақсаты – емге мұқтаж жандардың денсаулығын жақсартып, өмірін сақтау. Дегенмен заманауи жабдықтар – күрделі отаны жасауға көмектесетін құрал ғана. Медицинаның басты тірегі – сол технологияларды тиімді пайдалана алатын білікті маман.

Айдана Шалқар, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы