Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев туристерге өркениетті жағдай жасау мақсатында тау инфрақұрылымын дамыту қажет екенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл туралы қала басшысы өзінің Instagram-дағы парақшасында мәлімдеді.Б. Сағынтаев бұған дейін таудағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мыңдаған шақырым тау маршрутын цифрландырып, 500 шақырымын абаттандыру жөнінде айтқандарын еске салды.
«Қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қана қоймай, тау жорығын қызықты әрі танымды ету үшін Горельник пен Аюсай шатқалдарында визит-орталықтар ашамыз», — деп жазды Алматы әкімі.
Б. Сағынтаев жұмыс сапары кезінде олардың әлеуетімен танысты. Мұнда барлық жағдай жасалған — тамақтану орны, санитарлық-гигиеналық тораптар, жазғы террасалар мен тегін Wi-Fi бар. «Тамыр» жабайы табиғатта болу мектебінің еріктілері мен кәсіби альпинистері тегін экологиялық сабақтар өткізеді. Туристерге маршруттар туралы ақпарат беріліп, қауіпсіздік пен қоршаған ортаға ұқыпты қараудың негіздері түсіндіріледі.
Сондай-ақ, әкім Ramada encore by Wyndham, Holiday Inn Express қонақ үйлерінде, Novotel living пен Ibis бренді ұсынған «Жетісу» көпсалалы қонақ үй кешенінің құрылыс алаңында болды. Қонақ үй инфрақұрылымындағы бұл нысандардың негізгі артықшылығы сапалы әрі бағасы да қолдетімді, сондай ақ қонақтарға ыңғайлылығында. Осылайша туристерді орналастыру ауқымы кеңейтіледі.
Бұрын хабарланғандай, экологиялық туризмді дамыту және таулы аймақтарда инфрақұрылымды құру аясында соңғы 4 жылда 1000 шақырымнан астам таулы бағыттар цифрландырылды. Оның ішінде жалпы ұзындығы 500 шақырымға жуық 36 бағыт абаттандырылды.
Цифрландырылған бағыттар онлайн әрі оффлайн режимінде GPS-Ranger және 2Gis навигаторларында қолжетімді. Навигацияны жақсарту мақсатында ақпараттық стендтер, бағыттардың күрделілігі туралы ақпараттық көрсетікштер орнатылған.
2021 жылы қосымша 170 шақырымға жуық тау соқпақтарын абаттандыру және 4 кэмпинг аймақтарын құру жоспарлануда. Сондай-ақ тау туризмін дамыту бойынша екі жобаны іске асыру қолға алынады. Олар — Medeu Resort туристік және Butakovka Med сауықтыру кешендері. Бұлардан өзге, «ЦСКА» тау шаңғысы базасын модернизациялау және қала тұрғындарының спорттық-ағартушылық белсенділігін арттыру жоспарлануда. Мұнда шаңғымен сырғанауға, тюбигнпен айналысуға, жаз айларында садақ атуға, атқа мінуге және велосипед тебуге болады.
Қонақ үй бизнесін дамыту аясында ағымдағы жылы 4 қонақ үй кешенін пайдалануға беру жоспарланған. Бұлар — 4 жұлдызды Novotel Living, Ramada Encore by Wyndham қонақ үйлері және бюджеттік саяхатшыларға арналған 3 жұлдызды IBIS, Holiday Inn Express қонақ үйлер.
Жалпы, Алматыда туристерді орналастыратын 328 орын бар, оның ішінде қонақ үйлер, хостелдер және санаторийлер.